$510.81 €578.59 ₽6.51
×

Енді органдар қазақстандықтардың ұялы телефонға салатын балансын да тексереді

AstanaTV
28.05.2025ж. 10:58
211
Енді органдар қазақстандықтардың ұялы телефонға салатын балансын да тексереді

Қазақстанда қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға қарсы іс-қимыл күшейіп жатыр. Енді Қаржы мониторингі агенттігі жылжымайтын мүлікпен 50 млн теңгеден астам сомаға жасалатын мәмілелерді тексереді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Мәжілісте «Кейбір заңнамалық актілерге қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда қаралып жатыр.

Қаржы мониторингі агенттігі төрағасының орынбасары Жеңіс Елемесовтің айтуынша, ақшаны «кәсіби түрде» жылыстатып үйренгендер өздерінің қылмыстық кірістерін заңдастыру үшін күннен күнге күрделене түсетін схемаларды қолданады. Осыған байланысты оларға қарсы күресті күшейту үшін заңнама жаңа сын-қатерлерге бейімдеп отыру қажет.

«Заңнамаға ұсынылған өзгерістердің бірі – қаржы мониторингі органдарының өкілеттіктерін күшейту. Заң жобасымен агенттікке қылмыстық кірістерді жылыстату және заңсыз қызметті қаржыландыру тәуекелдерін анықтау тұрғысынан коммерциялық емес ұйымдардың күдікті операцияларына талдау және мониторинг жүргізу жөніндегі міндеттеме жүктеледі. Бұл бізге қауіп-қатерлерге жедел әрекет етуге және оларды жоспарлау кезеңінде қаржылық қылмыстардың жолын кесуге мүмкіндік береді», - деді Елемесов жалпы отырыста.

Енді ұялы байланыс операторлары мен «Азаматтарға арналған үкімет» қаржылық мониторингтің жаңа субъектілері болады.

«Ұялы байланыс операторлары мобильді теңгерімді толықтыру туралы, ал «Азаматтарға арналған үкімет» нотариустардағы мәмілелерге ұқсас жылжымайтын мүлікпен 50 млн теңгеден астам сомаға жасалатын мәмілелер бойынша ақпарат береді. Бұл құралдар күдікті операцияларды тиімдірек анықтауға және жолын кесуге ықпал етеді», - деді ол.