$511.37 €583.73 ₽6.46
×

Көкшетауда күнде энергетик ішкен жасөспірімнің асқазаны тесіліп қалды

AstanaTV
28.05.2025ж. 11:46
127
Көкшетауда күнде энергетик ішкен жасөспірімнің асқазаны тесіліп қалды

Көкшетауда 3 ай бойы күн сайын 2-3 бөтелке энергетик сусын ішкен жасөспірімнің асқазанына ауыр ота жасалды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Белгілі болғандай, іші қатты ауырған 16 жастағы жасөспірім жедел түрде ауруханаға жеткізілген. Дәрігерлер оның асқазаны тесіліп, іріңнің ішіне жайылып кеткенін анықтады. Науқасқа шұғыл лапароскопиялық операция жасауға мәжбүр болған. Осылайша, іріңнен тазартылып, жара тігіліп, ағзасына дренаж қойылды.

Ақмола облыстық көпсалалы балалар ауруханасы жасөспірімге перфоративті асқазан жарасы және жайылған іріңді перитонит диагнозы қойылды деп отыр.

Балаға шұғыл түрде операция жасалды. Анамнезінен: ол үш ай бойы күн сайын 2-3 бөтелке энергетикалық сусын ішкен. Энергетикалық сусын ішу – асқазанның ойықжарасының себептерінің бірі ғана. Ойықжараға әкелетін факторлар көп, - деп түсіндірді аурухана директорының орынбасары Валерий Дебело.

Жасөспірімді аман алып қалғанымен, дәрігерлер оны алда ұзақ оңалту күтіп тұрғанын ескертті.

Баланың денсаулығы бәрібір бұрынғыдай болмайды. Өмір сүру салтын өзгертуге тура келеді. Пациент ұзақ әрі қиын оңалтудан өтуге тиіс, - дейді хирургия бөлімінің меңгерушісі Ернар Қожабеков.

Сондай-ақ дәрігерлер ата-аналардан баланың тамақтану рационын бақылап, әдеттерін қадағалауға шақырды.