$510.81 €578.59 ₽6.51
×

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Поль Кагаме бірлескен мәлімдеме қабылдады

28.05.2025ж. 20:00
325
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Поль Кагаме бірлескен мәлімдеме қабылдады

Африка құрлығының халықаралық ықпалы жылдан жылға артып келеді. Осы мақсатта Қазақстан сол аймақтағы елдермен тығыз қарым-қатынас орнатуға ерекше мән беріп отыр. Руанда президентімен келіссөз жүргізген Қасым-Жомарт Тоқаев осылай деді. Кездесу нәтижесінде сан салада ынтымақтастықты ілгерілетуге бағытталған 9 құжатқа қол қойылды.

Руанда — Африкадағы тұрақтылық пен даму үлгісі ретінде танылған мемлекет. Оның саяси және экономикалық реформалары, табиғи байлықтары көптің назарын өзіне аудартқан. Астанаға ресми сапармен келген Руанда Президентін Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада күтіп алды. Бір-біріне ресми делегация мүшелерін таныстырды. Салтанатты рәсімнен кейін екі елдің басшысы шағын және кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Меніңше, өзара байланыстарды нығайта беру қажет. Өйткені Қазақстан – ІЖӨ көлемі, ІТ технологиялар мен жасанды интеллектті дамыту бойынша өңірдегі көшбасшы ел. Бұл біздің өзара тиімді ынтымақтастығымызды өркендетудің басым бағыттары бола алады. Сондықтан Сіздің сапарыңызға ерекше мән беремін.

Бұл Руанда Президентінің елімізге жасаған екінші сапары. Қасым-Жомарт Тоқаев Астанадағы бірінші басқосу жемісті болғанын айтты. Ал Поль Кагаме көрсетілген сый-құрмет үшін ризашылығын білдіріп, екі елдің өркендеуіне және стратегиялық диалогтың нығаюына ықпал ететін бірлескен жобаларды жүзеге асыруға дайын екенін жеткізді. Келіссөздер қорытындысы бойынша Президенттер бірлескен мәлімдеме жасады. Ресми делегация мүшелері сауда, инвестиция, көлік, ауыл шаруашылығы, ақпараттық технология, электрондық үкімет және қаржы, туризм салаларында құжат алмасты.

Жиыннан соң президенттер БАҚ өкілдері үшін брифинг өткізді. Бүгінде қос тарап жасыл энергетика саласын өркендетіп, табиғи ресурстарды тиімді пайдалануға мүдделі. Осыған орай екі ел бірлескен жобаларды жүзеге асырмақ. Бұл уағдаластықтар сауда-саттық көлемін арттыруға жол ашады. Сондай-ақ, инвестициялық әлеуетке тың серпін береді.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Біз жаһандық қаржы нарығындағы осы байланысты одан әрі нығайтуға келістік. Климаттың өзгеруіне қарсы күрес және қоршаған ортаны қорғау мәселелері де назардан тыс қалған жоқ. Руанданың климатты сақтау бағытында мол тәжірибесі бар. Соның арқасында жаһандық жобаларға зор үлес қосып келеді. Осы ретте тәжірибе алмасудың өзекті екенін атап өттік.

ПОЛЬ КАГАМЕ, РУАНДА РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Келісімдерге қол қою арқылы ынтымақтастық мүмкіндіктерін арттыруға ниеттіміз. Екі мемлекеттің сауда, технология және ауыл шаруашылығы салаларында бір-бірінен үйренері көп. Біз «Самұрық-Қазына» АҚ мен Rwanda Mines, Petroleum and Gas Board арасында келісім жасалуын құптаймыз. Руанда Қазақстанның энергетика, тау-кен өнеркәсібі және минералдарды өңдеу салаларындағы инновацияларын игеру арқылы айтарлықтай пайдаға кенеле алады.

Келіссөздер кезінде президенттер академиялық байланысты дамытуға, студент алмасуға, сондай-ақ, бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізуге де уағдаласты.