Еркекті үйленуге мәжбүрлеп, бопсалаған әйелдер енді түрмеге қамалады. Мәжіліс заң жобасын бекітті. Қыз алып қашқандарға да жаза күшейеді. 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Бірақ, бұл жаза бәріне бірдей емес. Кей жағдайларда айыппұлмен құтыла алады. Ал қыздың денсаулығына қандай да бір зиян келсе жаза қатаңдайды. Ауырлығына қарай 5 жылдан 10 жылға дейін абақтыға тоғытылады. Салт- дәстүрге сай, келісіммен отау құрса заңда ешқандай қарсылық жоқ. Мәжіліс «некеге тұруға мәжбүрлегені үшін» қылмыстық жауапкершілік көзделген заңды екінші оқылымда қабылдап, Сенатқа жолдады.
ЕРЛАН ҚОШАНОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ, "AMANAT" ПАРТИЯСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:
Соңғы кездері қыз алып қашуды ұлттық дәстүр санап, дәріптеу әрекеттері жиілеп кеткен. Бұл – шын мәнінде, адамның құқығы мен еркіндігін өрескел кемсіту. Құқық қорғаушылар некеге мәжбүрлеу туралы істердің тек бірен-сараны ғана сотқа жететінін айтып отыр. Көп жағдайда бұл жайт заңнамадағы олқылықтардың салдарынан болып отырғаны белгілі. Осыған байланысты депутаттар ондай әрекеттер үшін 10 жылға дейін бас бостандығын шектеу түріндегі жаза көздейтін түзетулерге бастамашылық жасады. Бұл шара осындай әрекеттерге толыққанды құқықтық баға беруге, сондай-ақ адамның ар-намысы мен қадір-қасиетін қылмыстық озбырлықтан қорғауға мүмкіндік беретін болады.