Шұбар ауылының тұрғындары көгілдір отынның игілігін көре бастады. Игі істі Ақмола облысының әкімдігі мен QazaqGaz ұлттық компаниясы бірлесіп жүзеге асырған. Ақмола облысы Целиноград ауданына қарасты бұл елдімекендегі 400 үй экологиялық таза отынға қол жеткізді. Бұл газға қосылған аудандағы екінші ауыл. Салтанатты шараға Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов қатысты. Ауыл халқының қуанышын Динара Жақсыбайқызы жеткізеді.
Көгілдір отынның келуін асыға күткен Шұбар ауылының тұрғындары бүгін мәре-сәре күй кешті. Табиғи газға алғашқылардың бірі болып Нұрболат пен Айгерімнің шаңырағы қосылды. Олар «енді от жағып, тонналап көмір тасымаймыз, күл шығармаймыз» дейді. Көпбалалы отбасы ауыл халқы үшін жасалып жатқан игі іске алғыс білдірді.
АЙГЕРІМ БЕЙСЕНБАЕВА, ШҰБАР АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Алты жыл көлемінде болады осы жақта тұрып жатқанымызған. Көмір алатын едік, қысы-жазы. Оны шығаруың бар, жағуың бар. Енді қазір уақытқа да үнем. Балаға да көп қарауға уақыт болады. Бір қыста шамамен 10 тоннадан артық болмаса кем жақпайтын едік.
Ауылға тартылған газ құбырының ұзындығы 75 шақырым. Аймақ басшысының айтуынша, елді мекеннің табиғи газға қосылуы ауылда жаңа жобалардың ашылуына да ықпал етпек.
МАРАТ АХМЕТЖАНОВ, ОБЛЫС ӘКІМІ:
Бұл Президентіміздің халықтың тұрмысын жақсарту мақсатында жасалып жатқан жобалар. Міне Целиноград ауданында екінші ауылға газ беріп жатырмыз. Біздің халықтық қуанышына көзіміз жетіп отыр. Сол халықтың игілігіне пайдаланатын болады. Осы жобаның жалғасы әрі қарай тиімді табылады.
Ауылға газдың жетуі тұрғындардың тұрмыстық жағдайын жақсартумен қатар елдің әлеуметтік-экономикалық дамуын арттырады. Бұл бағытта «QazaqGaz» ұлттық компаниясы тұрақты жұмыс жүргізуде.
САНЖАР ЖАРКЕШОВ, «QAZAQGAZ» ҰК» АҚ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫ:
Өңірлерді газдандыру – күрделі жұмыс. әл-ауқатын артырады. QazaqGaz өңірлерде халқтың өмір сүру сапасын жақсартуға жұмыс жасап жатыр. Алдымызда шамамен 6 елді мекен газға қосылатын болады және Қосшы қаласы қосылады. Бұл 33 мың абонент, жалпы саны 140 мың тұрғын газға қол жеткізетін болады.
«Сарыарқа» магистральдық газ құбырының бірінші кезеңі бойынша облыстың Аршалы аудандағы 17 елдімекен көгілдір отынмен қамтылған. Ал бүгін Целиноград ауданындағы екінші ауыл газға қосылды. Облыс елдімекендерін толықтай газбен қамту жұмысы 2027 жылға дейін жоспарланған.