Газа халқы әупірімдеп, әрең дегенде тамаққа қолдары жетті. Бүгіннен бастап аумақта АҚШ гуманитарлық миссияны бастады. Бірақ, ашынған халық жүк көліктерін төңкеріп, кезекке таласуда. Газа халқын жарылқап жатқан Трамптың өз еліндегі студенттерге жаны ашып жатқан жоқ. Гарвард түлектері мен студенттері және оқытушылары АҚШ Президентіне қарсы наразылық акциясына шықты. Бірақ, Трамптың ойы Еуропада. Ғасыр бойы ең жақын одақтас болған тараптар сауда келісімін жасай алмай жатыр. Шартараптағы соңғы жаңалықтарды Еркелді Тілеуқұл шолып шықты.
Газа секторындағы бүкіл халықты Израиль қуып тыққан Рафах қаласына АҚШ ұйымдастыруымен азық-түлік лық толы жүк көліктері келді. Бірақ, ашыққан жұрт кезек күтпестен жүк көліктерін қопарып, тамаққа таласып қалды. Ал, Израиль басшысының беті бері қараған секілді. Арабтарды қырамын, - деп, күні кеше жар салған Нитаньяху, енді Газа халқына азық-түлік беретінін айтуда.
БЕНЬЯМИН НИТАНЬЯХУ, ИЗРАИЛЬ ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:
Біз америкалық әріптестерімізбен бірге жоспар құрдық. Оған сәйкес, азық-түлік бөлу пункттерін құрамыз. Бүгінгі ахуалдан хабардармыз. Сондықтан, қосымша пункттер ашылады. Біздің жоспарымыз арнайы ХАМАС қол сұға алмайтындай ойластырылған. Бір отбасыға бір апталық қор беріледі.
Гарвард студенттерінің ашуы артып барады. Олар Кампус ғимаратында Трампқа қарсы ірі наразылық акциясын ұйымдастырды. Онда тек шетелдік емес, америкалық студенттер де бар. Наразы топ Трамп, Университет ісіне қол сұғуын доғарсын деп талап етуде.
ДЖЕЙКОБ МИЛЛЕР, ГАРВАРД СТУДЕНТІ:
Адамдарды шыққан тегіне қарай оқу орнынан қуып жіберу – тек санасыздықтың белгісі. Жүздеген жыл тарихта тұңғыш рет осындай сұмдық болып жатыр. Трамп сорлы адамның әрекетін жасап жатыр.
Трамп болса, Еуропалық одақпен келісе алмай тағы сес көрсетіп отыр. Кәрі Құрлық пен АҚШ сауда келісімі бойынша келісе алмай әлек. Осыған орай, АҚШ Президенті шарт қоюда.
ДОНАЛЬД ТРАМП, АҚШ ПРЕЗИДЕНТІ:
Егер Еуропа 9-і шілдеге дейін талаппен келіспесе, 50 пайыз тариф төлейді. Осымен бәрі бітеді. Олардың алаяқтығына көніп отыратын жайым жоқ.
Бірақ, Кәрі Құрлық та АҚШ экономикасына лайықты соққы жасауда. Еуропада электрокарларға сұраныс артса да, Илон Макстың Тесла көліктерінің сатылымы 49 пайызға дейін құлдырады.