$518.81 €596.27 ₽6.63
×

Астанада «Білім және қауіпсіздік: бірлескен қадамдар» форумы өтті

28.05.2025ж. 20:00
131
Астанада «Білім және қауіпсіздік: бірлескен қадамдар» форумы өтті

Ата-аналардың балалар психологына деген көзқарасы дұрысталып келеді. Психологиялық қолдау орталығы жетекшісінің орынбасары Марал Ибрагим осылай дейді. Бүгін Астанада «Заң мен Тәртіп» қағидасының аясында «Білім және қауіпсіздік» форумы өтті. Шара Білім басқармасының бастамасымен ұйымдастырылған. Жиынға қатысқан ата-аналар, мектеп мұғалімдері мен құзырлы мемлекеттік орган өкілдері өскелең ұрпаққа қауіпсіз орта қалыптастыру мәселелерін талқылады.

Осыған дейін мектеп психологы оқушылар мен ата-аналарды іздеп жүріп, шақырса, қазір балалар маманның кеңесіне өздігінен жүгінетін болған. Бірер жыл бұрын буллингті жасырып қалуға тырысқан жеткіншектер бүгінде ол туралы ашық әрі батыл баяндайды. Мектеп жасындағыларды ең көп мазалайтыны да осы – құрбы-құрдастары және ата-анасымен арасындағы қарым-қатынас.

МАРАЛ ИБРАГИМ, ПСИХОЛОГИЯЛЫҚ ҚОЛДАУ ОРТАЛЫҒЫ ЖЕТЕКШІСІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Мектептерде мына біздің 111 байланыс телефонының QR-кодтары бар және біздің психологиялық қолдау орталықтарының QR-кодтары бар. Сенім жәшіктері бар. Солар арқылы балалар өздерінің хабарламаларын тастайды. Балалардың психологтарға деген сенімі күннен күнге артып барады. Ата-аналардың арасында да психологтың қызметіне қарсылығын білдіретіндер азайып келе жатыр.

Мамандар оқушының даму жолында үштік одақ, яғни, оқушы, мектеп, ата-ананың бірлескен қадамдары маңызды екенін айтады.

НҰРЗАТ АМАНГЕЛДІ, №17 МЕКТЕП-ГИМНАЗИЯСЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

Оқу жылының басында 1-ші, 4-ші және 9-шы сыныпта мектеп оқушыларынан біз диагностикалық тест алынады. Сол диагностикалық тесттің нәтижесінде жеке шақырылып, оқушылармен сұхбат жүргізіледі. Жұмыс нәтижелі болуы үшін мектеп басшысы, мұғалімдерден бастап ата-анаға дейін бірлесіп қадам жасауы тиіс.

Форум барысында сарапшылар балаларды қоғамның дертіне айналған ойынқұмарлық, нашақорлықтан қорғау, қауіп-қатерді дер кезінде анықтауды түсіндірді. Алаяқтарға алданбаудың жолдарымен бөлісіп, киберқауіпсіздіктің маңыздылығын айтты.

ӘЙГЕРІМ ӨМІРЗАҚОВА, ҚАЛА ПРОКУРОРЫНЫҢ АҒА КӨМЕКШІСІ:

Жақында ғана Заң мен тәртіп аясында театрландырылған спектакльдер бойынша қалалық конкурс өтті. Осындай іс-шаралар арқылы балаларға түрлі індеттің алдын алу маңыздылығын түсіндіреміз. Дәл осындай шаралар арқылы жас буын қоғамның өміріне белсенді араласып, тек бақылаушы емес, сондай-ақ қатысушы рөлін атқарады.

Жиында баяндама жасаған білікті психолог мамандар қатысушылармен практикалық әдіс-тәсілдермен бөлісіп, тәжірибе алмасты.