Астанада Қазақстан мен Франция бірлесіп салатын жаңа мектептің құрылысы басталды. Пансиондық мектеп 800 оқушыға арналған және Қазақстанның мемлекеттік жалпыға міндетті білім стандартына сай келеді.Бұл жоба- екі ел арасындағы білім беру ынтымақтастығын одан әрі нығайтуға бағытталған маңызды бастама.
2022 жылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Францияға жасаған ресми сапары кезінде бастау алған жоба бір жылдан кейін екі мемлекеттің келісімімен бекітіліп, нақты жүзеге асырыла бастады. Бүгін Астанада құрылыстың іргетасы қаланды. Салтанатты шараға екі елдің жоғары лауазымды өкілдері қатысты.
ҒАНИ БЕЙСЕМБАЕВ, ҚР ОҚУ-АҒАРТУ МИНИСТРІ:
Бұл жалпы екі ел арасындағы үлкен ынтымақтастық пен бірліктің нышаны деп есептеймін. Жалпы мектеп Франциядағы ең үздік тәжірибелерді қолданатын өте алдыңғы қатарлы мектеп-лицейлердің бірі болуы жоспарланып отыр.
Жаңа лицейдің ерекшелігі – білім беру қазақстандық және француз стандарттар бойынша жүргізіледі. Мектеп келер жылы 1 қыркүйекте пайдалануға берілмек.
ЛОРАН СЕН-МАРТЕН, СЫРТҚЫ САУДА ЖӘНЕ ШЕТЕЛДЕГІ ФРАНЦУЗ АЗАМАТТАРЫНЫҢ ІСТЕРІ ЖӨНІНДЕГІ МИНИСТР-ДЕЛЕГАТЫ:
Біз қазақстандық жастарға француз тілінде білім алуға мүмкіндік бергіміз келеді. Бұл оларға француз аттестатын алып, Еуропаға жол ашады. Француз халықаралық білім беру жүйесі елдер арасындағы байланысты едәуір нығайтады. Соңғы жылдары Қазақстан мен Франция арасында дәл осындай байланыстың жетіспеуі байқалған болатын – енді бұның орны толмақ.
Мектеп архитектуралық және білім беру мазмұны жағынан халықаралық стандарттарға сай болады. Бұл тек жаңа ғимарат емес – болашақ көшбасшыларды тәрбиелейтін маңызды орта.
ТИМУР ТУРЛОВ, FREEDOM HOLDING CORP. КОМПАНИЯСЫНЫҢ БАС АТҚАРУШЫ ДИРЕКТОРЫ:
Біз бұл жобаны тек білім беру бастамасы ретінде емес, елдің болашағына жасалған стратегиялық инвестиция ретінде қарастырамыз. Бұл – жаңа буынды заманауи әлемге бейімдеу жолындағы маңызды қадам деп есептеймін.
Астанадағы Халықаралық француз мектебі – екі ел арасындағы достықтың нышаны ғана емес, сонымен қатар Орталық Азиядағы беделді білім беру орталықтарының біріне айналмақ.