Қарағандыда «Еңбегі жанған арулар» жұмысшы әйелдер форумы өтті. Онда «Amanat» партиясының Қарағанды облыстық филиалының Әйелдер қанаты мен аймақтық Қазақстанның іскер әйелдер қауымдастығы өңірдің дамуына үлес қосқан ең үздік нәзік жандыларды марапаттады. Екі еңбек ардагеріне сертификат пен алғыс хат табысталды. Тағы 14 әйелге сыйақы берілді. Жеңімпаздар мұқият іріктеліп алынған. Олардың арасында тракторист, механизатор, сауыншы, тоқымашы, тігінші, етікші секілді қарапайым жұмысшы мамандық иелері бар. Солардың бірі - Арайлым Байдашова. Тракторшы 3 баланың анасы, ауылда отбасымен ірі қара мал өсіреді.
АРАЙЛЫМ БАЙДАШОВА, ТРАКТОРШЫ:
Қыстаққа келін болдым. Жолдасым жалғыз ұл болғандықтан көмектесетін адамдар жоқ, ауылға ешкім келгісі келмейді жастар қазір, көбісі келгісі келмейді. Тракторды жолдасыма көмектесу мақсатында үйренгем осыдан 5 жыл бұрын. Қазір жолдасым екеуміз шағын шаруа қожалықты жүргізіп отырмыз. Арықарай үлкен бір фермер боламыз деген үміттеміз. Еңбектену керек деп ойлаймын, еңбексенсең еңбегіңнің жемісін көресің.
Бүгінгі форумға қатысушылар «Қарызсыз қоғам», «Ауыл Аманаты», жобалары бойынша және Әйел денсаулығы мен Психология бойынша форсайт- сессияларға қатысып, білімдерін тереңдетті. Бүгін сонымен қатар арнайы шеберлік сабақтары да өтті.Жалпы «Amanat» партиясы әйелдердің түрлі салаларда дамып, белсенділіктерін арттыруға ат салысты. Биыл 20 мыңнан астам нәзік жанды кәсіпкерлік дағдыларын арттырды. Бүгінде партия ұйымдарын басқарушылардың 30 пайызы әйелдер.
ЕРЖАН ЖЫЛҚЫБАЕВ, «AMANAT» ПАРТИЯСЫНЫҢ ХАТШЫСЫ:
Бұл форум нәзік жандылардың тек отбасының ғана емес ел экономикасының да тірегіне айналып отырғанын көрсетуге бағытталған. Бүгінгі форумға қатысып отырған 600 ге жуық ару Қарағанды облысының әр қиырынан, ауылдардан арнайы келген ардақты жандар. Сіздер ел игілігі жолында аянбай тер төгіп жүрген, әр салада өз ісінің шебері атанған еңбек майталмандарысыздар.