$509.26 €574.75 ₽6.46
×

Түркістан облысының шаруалары ағын су мәселесі биыл да шешілмесе шығынға батамыз деп уайымдайды

Түркістан облысының шаруалары ағын су мәселесі биыл да шешілмесе шығынға батамыз деп уайымдайды

Түркістан облысында ағын су келетін каналдарды жөндеу үшін алты жыл бұрын қолға алынған жоба әлі күнге аяқталмай тұр. Соның салдарынан Мақтарал, Шардара және Сауран ауданының шаруалары суға жарымай жүр. Айтуларынша, арықтар уақытылы тазаланбай, каналдардың ұлтаны бетондалмай, онсыз да қат тіршілік нәрі жерге сіңіп кетіп жатыр. Кесірінен өнімділік жылдан жылға төмендеп барады дейді.

Еңбекші ауылдық округінің шаруалары биыл да ағын судан тарығатын болдық деп сары уайымға салынып жүр. Ертелі кеш егістік басына жиналатын жұрт жаз шыға суға талас басталатынын айтады. Еккен өнімді дер кезінде суармаса, еңбек еш.

ҚЫПШАҚБАЙ ӘУЕЗОВ, ШАРУА:

Арғы басын істеген, бұ жақ істелмеген. Қамыс басып жатыр. Ең қиыны бізге жаздың күні келмейді су, мысалы да. Су жетпегеннен кейін өнім аз ғой енді, тастап қояды. Біреулер мүлдем суармай да мақтасын теріп алады.

Аудандағы каналдарды жөндеуге бағытталған ПУИД-2 жобасы 2019-шы жылы қолға алынған. Жер емген ағайын сол кезде қатты қуанған. Алайда басталған жұмыстар шала жүріп, ақыр аяғы аяқсыз қалды,- дейді шаруалар.

МАХМҰТ ЕСТӨРЕЕВ, ШАРУА:

Бізге су берсе, бізге су шықпайды. Мына жағы тасып жатады бергі бас жағы. Проектіні дұрыс істемеген да басында. Енді мына жағын келіп ремонттап береміз, көтеріп береміз деп еді. Сол күйде жоқ әлі. 150 гектардай жер жыңғыл басып жатыр, су жетпейді ешқайсысына. Жерді игере алмай жатырмыз сөйтіп.

ОРАЗГЕЛДІ АСАУБАЕВ, ШАРУА:

Мынау 11-ші канал, бұған ПУИД-2 бойынша ақша аударылған. Істелінген. Бірақ цементтейтін жерді цементтемеген. Лоток ауыстыратын жерді ауыстырмаған. Әр шлюздің қасында гидропост деген болу керек. Бірақ олардың біреуі де жоқ.

«Қазсушар» мекемесінің өкілі ауқымды жоба қаржы тапшылығынан тоқтап қалғанын айтады. Оның сөзінше, каналдарды жөндеуге 50 млрд теңгеден астам қаржы қаралған. Бірақ жобаны жүзеге асыруы тиіс шетелдік компаниялардың жұмысы шала болған. Салдарынан егістік алқаптың көп бөлігіне су жетпейтінін растады.

ҚҰТТЫБАЙ СЫРБАСОВ, «ҚАЗСУШАР» РМК ТҮРКІСТАН ФИЛИАЛЫ МАҚТААРАЛ ӨНДІРІСТІК БӨЛІМШЕСІНІҢ БАСШЫСЫ:

529 канал проектіде болса, бүгінгі күні әлі бір де бір канал қабылданған жоқ. Проект бүгінгі күні тоқтап тұр белгісіз себептермен, қаражаттары болмағандықтан. 870 шақырымның бүгінгі күні бәрі әлі құрылысы біткен жоқ.

Ал Су ресурстары және ирригация министрлігінің мамандары қиындық пандемияның тұсында туындағанын айтады. Сол кезде қаржы бөлінбеді дейді. Бұдан бөлек құрылыс материалдарының қымбаттауы да қолды ұстаған көрінеді. Айтуынша, жоба қайта қаралып жатыр.

ТӨЛЕБАЙ КЕНЕНБАЕВ, ҚР СУ РЕСУРСТАРЫ ЖӘНЕ ИРРИГАЦИЯ МИНИСТРЛІГІ СУ КОМИТЕТІНІҢ ТЕХНИКАЛЫҚ КЕҢЕСШІСІ:

Бұл жоба құдай қаласа аяқталады. Қаржыландыру толығымен болса, бес нысанның үшеуін биыл аяқтауға тырысады. Ал қалған екеуі «Қызылқұм» және «Мақтаарал-2» деген бар, олар келесі жылға қалуы мүмкін.

Мақтаарал, Жетісай және Шардара аудандары ағын суды көршілес Өзбекстаннан алады. Бірақ биыл көрші елден келетін судың көлемі былтырғыдан аз болады деп мамандар ескертіп жатыр. Сондықтан құрылыс аяқталғанға дейін қосымша амал қарастырамыз дейді жергілікті жауаптылар.