Tesla бас директоры Илон Маск АҚШ президенті Дональд Трамп әкімшілігіндегі арнайы мемлекеттік қызметінен кететінін мәлімдеді. Бұл туралы Reuters агенттігі жазды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Маск Үкімет АҚШ үкіметінің тиімділік департаментінде (DOGE) жұмыс істеп, бірнеше федералдық агенттікті қысқартуға атсалысқан. Оның отставкасы ресми жарияланбаған. Маск қызмет барысында федералды шығындарды 2 трлн долларға дейін қысқартуды көздеген. Ол қашықтан жұмыс істеуді «COVID дәуірінің артықшылығы» деп атап, оны жою жұмыстан ерікті кетуді көбейтеді деп мәлімдеген. Алайда бірқатар министрлер оның реформаларына қарсы шықты. Трамп наурызда кадрлық шешімдерді министрлерге қалдыру керек екенін ескерткен болатын.
Маск сондай-ақ үкімет мүшелерімен сөз таластырып, кейбір шенеуніктерді ашық түрде сынады. Ол жақында Tesla инвесторларының қысымымен саясаттағы белсенділігін азайтып, бизнесіне қайта назар аударатынын айтты.
Масктың 130 күндік мандаты 30 мамырда аяқталады. Ақ үй DOGE жобасы жалғасатынын мәлімдеді. Агенттіктің шолуы бойынша, Трамп әкімшілігі федералды азаматтық қызметкерлердің 12%-ын қысқартқан.
Айта кетсек, Илон Маск АҚШ президенті Дональд Трамптың кеңесшісі болғаннан бері активтерінің 30 пайызынан айырылды. Әлемдегі ең бай адамның дәулеті 433-тен 301 миллиард долларға дейін азайған. Tesla акцияларының бағасы 404 доллардан 215 долларға түсті. Компанияның нарықтық құны 400 миллиард доллардан астамға төмендеген.