"Сіздер Астанаға әлемнің түкпір-түкпірінен келдіңіздер. Әрқайсысыңыз тәжірибелеріңізді, дүниетанымдарыңызды және құндылықтардың ықпалымен қалыптасқан көзқарастарыңызды ортаға саласыздар. Аталған форумның мәні осындай интеллектуалдық әралуандықта жатыр.
Алдымызда келешектің түрлі сценарийі күтіп тұр. Бірі үміт ұялатады, бірі қауіп-қатерге толы. Бәріне ортақ өркениет жолын таңдаймыз ба, әлде жікке бөлініп құрдымға кетеміз бе? Оны үркердей топтың мәлімдемесі емес, көптің ауызбіршілігі шешуі қажет",-деді Президент.
"Астана халықаралық форумы осы ынтымақтастыққа қолдау білдіру үшін құрылды. Аталған алаң өзара құрметке негізделген және ашық пікірталас мүмкіндігін ұсынады. Биылғы форум тақырыбы – «Ақыл-ой қосу арқылы келешекті бағдарлау» ( Connecting Minds, Shaping the Future) Бұл – біздің үндеуіміз әрі қалтқысыз сеніміміз",-деп атап өтті.
"Жаһандық сын-қатерді жалғыз еңсеру мүмкін емес. Дипломатия ресми протоколдың тар шеңберінен шығып, анағұрлым терең әрі адами қалыптағы қарым-қатынасқа төр ұсынуға тиіс.
Біз дүниежүзілік дамудың жаңа кезеңіне қадам бастық. Мұнда адамдар арасындағы сенім, білім-тәжірибемен бөлісу және азаматтық қоғамның ынтымақтастығы халықаралық қатынастардың жаңа іргетасын қалайды. Сондықтан ықпалдастықтың аясын кеңейте беруіміз керек.
Қазақстан идеяның кені, араағайындық шешімдердің архитекторы және түрлі өңірлер мен мәдениеттердің серіктесі ретінде осы өзгерістерге үлес қосуға дайын",-деді Мемлекет басшысы.
"Бұл форум тың ойлар айтылатын ғана емес, батыл қадамдар жасалатын алаңға айналсын. Баршаңызды мазмұнды диалог орнатуға шақырамын.
Алдағы пікірталастар қызықты, форум жұмысы нәтижелі болуына тілектестік білдіремін",-деді Президент.