$510.81 €578.59 ₽6.51
×

Бұдан былай несиесін ерте жапқандар тұрақсыздық айыбын төлемейді

AstanaTV
29.05.2025ж. 13:15
245
Бұдан былай несиесін ерте жапқандар тұрақсыздық айыбын төлемейді

Сенаттың жалпы отырысында қаржы нарығын дамыту, қаржылық қызметтің тұтынушылары құқығын қорғау мен бюрократиялық кедергілерді төмендетуге бағытталған заң жобасы қаралды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Депутаттар ұсынылған нормаларды қолдап, заңның жеке баптарына қатысты ұсыныстарын айтты.

Біріншіден, әскери қызметкерлердің қарыз жүктемесін азайту;

Бұл дегеніміз – қарызы көп әскери қызметшілер мен төлем қабілеті жоқ клиенттер санын азайту үшін, әскери қызмет өткеру кезеңінде әскери қызметшілерге қарыз беруге тыйым салынады.

Осы тыйымды жүзеге асыру үшін Қорғаныс министрлігі және несие бюросы арасында автоматты түрде ақпарат алмасу жүйесі жолға қойылады.

Екіншіден, телефон алаяқтығымен күрес

Байланыс операторлары ішкі антифрод-жүйесін құрап, алаяқтық қоңырауларды бұғаттауға міндеттеледі.

Банктерге Антифрод-орталықтың базасында олар туралы ақпарат бар операцияларды қабылдамау және клиенттерге қызмет көрсетуді шектеу жөніндегі өкілеттіктер беріледі.

Үшіншіден, банк операцияларының анықтығын арттыру

Банктік құпияны және микрокредит беру құпиясын құрайтын ақпаратқа заңсыз қол жеткізудің салдарын жою жөнінде шаралар қабылдау мерзімдерін нақтылау.

Төртіншіден, шетелдік банктер үшін талаптарды ырықтандыру

Қазақстан Республикасының бейрезидент-банкінің филиалына қосымша қызметті жүзеге асыру құқығын беру көзделеді.

Бесіншіден, инвестициялық және венчурлық қорларға арналған ережелер

Венчурлық қорларды реттеу мен қадағалаудың стандарттары енгізіліп, олардың нақтылығы мен инвесторлардың қызығушылығын қорғау қағидаттары анықталды.

Алтыншыдан, коллекторлар

Коллекторлардың борышкерлермен жұмыс істеуі үшін нақты уақыт анықталды: жұмыс күндері тек сағат 8:00 мен 21:00 аралығында ғана хабарласуға болады.

Заң сенаторлар ұсынылған түзетулерімен Мәжіліске қайтарылды.

Жалпы заң нені қарастырады?

Банк секторында бәсекелестікті арттыру және инвестиция тарту үшін жағдай жасау, сақтандыру нарығы мен бағалы қағаздар нарығын дамыту, қаржылық қолжетімділікті арттыру, қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау және қаржы нарығындағы алаяқтықпен күресуді көздейді.

Заңнан не күтіледі?

Заңды мақұлдау қаржы нарығында қызметін жүзеге асыратын субъектілер үшін әкімшілік кедергілерді азайтуға, отандық қаржы нарығына шетелдік инвесторларды тартуға, қаржылық қызметтердің қолжетімділігін арттыруға, халықтың кредитті тым көп алуын төмендетуге және цифрландырудың жалпы дамуын ескере отырып, алаяқтыққа қарсы күресті күшейтуге ықпал ететін болады.