Спорт Қазақстан
$443.85 €474.3 ₽4.8
×

«Астана! Әдемі естіледі. Қомақты, ауыз толады, қысқа да нұсқа, әуезді». Астана күні.

AstanaTV
08.07.2017ж. 20:00
2708
«Астана! Әдемі естіледі. Қомақты, ауыз толады, қысқа да нұсқа, әуезді». Астана күні.

«...Бір жолы түнде, дәлірек айтсам, сағат түнгі екіде «Астана» деген атау ойыма сап етіп, көкейіме қона кеткені. Астана дегеніміз – Астана! Қазақша әдемі естіледі. Қомақты, ауыз толады, қысқа да нұсқа, әуезді. Орысша да, ағылшынша да солай естіледі. Бұл атауда батылдық, мығымдық және айқындық реңк бар. Астана!», – деп жазған еді, Президент. Бұл аптаның басты тақырыбы Астана екені түсінікті. Мемлекетіміздің астанасы Сарыарқа төсіне көшетіні туралы Жарлық шыққанда «солтүстік өңірлерден айырылып қалмаудың бір жолы ғой» деп, маңыздылығын мойындасақ та, басқалар сияқты біздер, студенттер де сенбедік. Тіпті солай болатын сияқты ой қылаң бергенде де, бірнеше ондаған жылдардан кейін іске асатын шаруа сияқты көрінді. Оған идея авторы ғана сенген шығар. А, жоқ, менің бір бөлмеде жатқан құрбым, Целиноград облысының тумасы Ақтоты күманданбады. Оныкі әрине, әркімде болатын туған ауылға деген махаббаттан туатын тілек ғана еді.  Н.Назарбаев бұл идеяға байланысты «кірпігін де қақпағанын», егер сөйтсе, жоғары атқарушы биліктегілердің күдігі көбейетінін еске алады... Астана күні биыл да дәстүр бойынша Мемлекеттік Туды көтеру шарасынан басталды.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті: 

Кезінде 25 жыл бұрын маған Тудың бірнеше нұсқасын алып келген кезде, мен бір түсті, жолақ емес, аспан түсті көк Туды қаладым. Ол дұрыс жол сілтеу деген сөз, елге. Бірлік, бәріміз бірміз, бір түстіміз, бір ойдамыз, бір жүректеміз, бір Отанымыз бар. Көк байрағымыз 25 жылдың ішінде еліміздің алдында желбіреп келе жатыр. Осы тудың арқасында тәуелсіздік құрдық, Қазақстанды дүниеге белгілі еттік. Сондықтан көк Туды құрметтеу, көк Туға бас ию, тәуелсіздікті құрметтеумен бірдей болып саналады. 

Президент қалыптасқан үрдіс бойынша әскери білім ордаларының түлектеріне лейтенант шенін табыстады. Бұл дәстүр 2009 жылдан басталады, сол кезден бері 108 түлекке әскери шен тапсырылыпты.

Астана күніне байланысты ұйымдастырылатын шаралар Астана тұрғындары мен қала қонақтарын бір жадыратып тастайтыны шын. Биыл ЭКСПО көрмесі өтіп жатыр, мейман тіпті көп. Қайта жөндеуден өткен «Бәйтерек» монументіне жұрт кәдімгідей кезекке тұрады.  Әсіре мақтаудың бар екені рас ғой, Астананы әдемі қалалармен, қуатты қалалармен салыстыруға жымиятынмын. Өткенде балам айтады, «мама, Астана Дубайдан асып барады»,- деп. Менен көпірме теңеулер естімейді, өзі келген байлам. Алты жастағы Алтайдың артықтау айтқаны - «асып бара жатыр». Кімнің бүйрегі Отанына бұрмайды, бұл сөге алмайтын сезім. 

«Целиноград балшығынан» құтылып, мемлекеттің астанасын құра алғанымыз шын. Бұл фотоларға қосымша мынадай бейнекөріністер – жанында дым жоқ Бәйтерек, қазіргі саяси - әкімшілік орталық орналасқан, жаңа қала тұрған қу медиен дала. Мың сөзден артық видео. Осыдан он жыл бұрын «Астана ғана емес, облыс орталықтарының да бейнелеп айтқанда, «екінші тынысын» ашу керек», деп жазатынмын. Қазір «Астана мен облыс орталықтарының бейнесін салыстырсақ, диссонанс үлкен» деп жалғастырмайтыныма қуанамын.