$510.81 €578.59 ₽6.51
×

Астана халықаралық форумы басталды

29.05.2025ж. 20:00
244
Астана халықаралық форумы басталды

Былтыр 52 мемлекет қарулы қақтығысқа қатысты. Осындай қатыгез әрекеттерден келген экономикалық шығын 19 триллион долларға жетті. Бұл, шамамен, әлемдік ішкі жалпы өнімнің 13,5 пайызы. Дүние жүзінде белгісіздік белең алған заманда тығырықтан шығар жол іздеген жаһан елдері Елордада бас қосты. Астана халықаралық форумына арнайы келген дипломатия, бизнес және академиялық ортаның өкілдері сыртқы саясат, қауіпсіздік, климаттың өзгеруі, экономика және қаржы мәселелерін талқылады.

МӨЛДІР ЖАҚАН, ТІЛШІ:

Алғаш рет 2023 жылы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен өткен Астана халықаралық форумы биыл да жалғасын табуда. Орталық Азиядағы ең ауқымды іс-шараға әлемнің түкпір-түкпірінен 4 мыңға жуық шетелдік қонақ келді. Аз уақыт ішінде форум күн тәртібіндегі негізгі әрі өзекті мәселелер көтерілетін маңызды алаңға айналды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Астана халықаралық форумының пленарлық отырысында алғашқы болып сөз алды. Халықаралық қауіпсіздік мәселесіне мән берген Президент қақтығыстардың қай-қайсысы да жіті назар аударуды қажет ететінін атап өтті. Әйтсе де, ядролық қаруды иеленген мемлекеттер арасындағы шиеленіс айрықша алаңдатып отыр. Бүгінде тоғыз елдің арсеналында жалпы саны 13 мың ядролық оқтұмсық бар. Сарапшылар оны қолдану ықтималдылығы артып келе жатқанын ескертеді. Бұған жазатайым қателік, оқыс оқиға немесе эскалация себеп болуы мүмкін.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Бір ғана жарылыстың салдары жойқын болмақ. Ғалымдар атом бомбасы түскен жерін күл-талқан етіп қана қоймай, жаһандық ауқымдағы климат апатына әкеп соғуы, егістік атаулыны жойып жіберуі мүмкін екенін айтады. Оның қасіретін біз жақсы білеміз. Жерімізде жасалған 450 ядролық сынақтың зардабымен Қазақстан әлі күнге дейін бетпе-бет келіп отыр. Біз бейбітшілік үшін Кеңес өкіметінен мұраға қалған ядролық арсеналдан өз еркімізбен бас тарттық. Бүгінде жаппай қырып-жоятын ядролық және биологиялық қаруды таратпау ұстанымын жақтаймыз.

Соңғы бірнеше жылда Қазақстанда ауқымды экономикалық реформалар жүргізілді. Әлемдік сын-қатерлерге қарамастан, ел экономикасы былтыр 5,1 пайыз өсті. Шетелден тартылған тікелей инвестицияның көлемі рекордтық көрсеткішке жетті.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Дейтұрғанмен біздің стратегиялық мұратымыз цифрмен ғана өлшенбейді. Бұл реформалар жұртшылықтың өркендеуіне жол ашатын жаңа қоғамдық келісімді орнатуды көздейді.

Сарапшылар бүгінде экономикаға орта державалардың қатысуының маңызы артқанын айтады. Осы орайда Қазақстанның әділетті әлемдік тәртіпті орнатуға толық әлеуеті жетеді.

ЕРКІН ТҰҚЫМОВ, ҚР ПРЕЗИДЕНТІ ЖАНЫНДАҒЫ СТРАТЕГИЯЛЫҚ ЗЕРТТЕУЛЕР ИНСТИТУТЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

Экономика мен саясат тығыз байланысты. Саяси жағдай ушыққан сайын экономикалық жағдай да нашарлай бастайды. Трамптың тарифтер енгізуі осыған дәлел. Ірі державалар кім мықты екенін анықтап әлек болып жатқанда, орта державалар шын мәнінде игі бастамаларды ұсынып жатыр.

Әлемдегі уран қорының 40 пайызы Қазақстанның еншісінде. Сондықтан еліміз атом энергетикасын дамытуды ұлттық стратегияның басым бағыты ретінде қарастырады. Алайда климат дағдарысы шешілмей, ешқандай орнықты даму болмайды. Орталық Азия – планетадағы климат өзгерістеріне осал өңірлердің бірі. Мұнда ғаламдық жылыну деңгейі әлемдегі орташа көрсеткішпен салыстырғанда екі есе жоғары.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Аталған қиындықтарды еңсеру үшін өңірлік тұрғыдан үйлестірілген, прагматикалық бағыттағы климат күн тәртібін ілгерілетуге бейілміз. Оның аясында еліміз бірқатар халықаралық ұйымға мүше болып, келісімдерге қосылды. Келесі жылы Қазақстан БҰҰ-мен бірге Өңірлік экологиялық саммитін өткізеді. Бұл алаң Орталық Азия елдерінің стратегиясын жаһандық мақсатпен ұштастыруды көздейді.

Мемлекет басшысы Қауіпсіздік Кеңесіне құрылымдық реформа жасауды ұсынды. Бейбіт әрі қауіпсіз әлемді құрудың батыл жолын ұсынған Ұйымға бүгінде 193 ел мүше. Дегенмен 80 жыл бұрын жасалған институционалды құрылым мен қазіргі заман арасында алшақтық көп. Бұл Ұйымға және оның тиімділігіне деген сенімге селкеу түсірмей қоймайды.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Миллиардтаған адамның тағдырына әсер ететін аса маңызды шешімді бірнеше елдің қабылдағаны дұрыс емес. Сондықтан Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің құрамын кеңейтіп, оған әлемнің әр өңірінен өкіл қосу туралы ұстанымды қолдайды.

Қазақстанда СryptoCity деп аталатын жаңа пилоттық жоба жүзеге асырылмақ. Тұрғындар криптовалюта арқылы азық-түлік сатып алып, қызмет төлемін жасауға мүмкіндік алады.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Біз жасанды интеллектіні дамытуға айрықша мән беріп отырмыз. Бірқатар шетелдік университеттің филиалы бар, зерттеу мен әзірлеу саласындағы серіктестік жолға қойылған академиялық және инновациялық хабқа айналғымыз келеді.

Жаһандық сын-қатерді жалғыз еңсеру мүмкін емес. Президент «бұл форум тың ойлар айтылатын ғана емес, батыл қадамдар жасалатын алаңға айналсын» деді. Әлемнің 70 мемлекетінен Астанаға ат басын тіреген қауымастық өкілдерінің де тілегі осы.

НАБИЛЬ ӘЛ-АСУМИ, «БАХРЕЙН-РЕСЕЙ ДОСТЫҚ ҚОҒАМЫНЫҢ» ТӨРАҒАСЫ:

Форумның биылғы тақырыптары мені қатты қызықтырды. Бұл Қазақстан ғана емес, күллі әлем үшін маңызы бар мәселелер. Мұндай форумдардың халықаралық қақтығыстарды бейбіт шешіп, мемлекеттер арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға үлкен септігін тигізеді.

Бүгін бастау алған Астана халықаралық форумы ертең де жалғасын таппақ. Жиын барысында 39 панельдік сессия ұйымдастырылады.