Мемлекет басшысы Біріккен Араб Әмірліктерінің Энергетика және инфрақұрылым министрі Сухейл әл-Мазуриді қабылдады. Астана халықаралық форумының алаңында өткен кездесуде Сухейл әл-Мазури шараның жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын атап өтті. Сондай-ақ қонақжайлық танытқаны үшін Қазақстан тарапына алғыс айтты. Кездесуде Мемлекет басшысы Абу Дабидің Тақ мұрагері Халед бен Мұхаммед бен Заид Әл Нахаянмен Астанадағы кездесуін ықыласпен еске алды. Онда нәтижелі келіссөздер жүргізіліп, жалпы құны 5 миллиард доллар 20-дан астам коммерциялық келісімге қол қойылған. Министрдің айтуынша, Әмірліктер келісімдерді орындауға белсене кіріскен. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен Сухейл әл-Мазури жоғары деңгейде жасалған уағдаластықтарды жүзеге асырудың нақты жолдарын, екіжақты тауар айналымын 1 миллиард долларға дейін ұлғайту бастамасын талқылады.