$517.45 €598.59 ₽6.58
×

Лицензиясыз клиника: Шаш өсіргісі келген екі адам қайтыс болды

AstanaTV
29.05.2025ж. 19:35
131
Лицензиясыз клиника: Шаш өсіргісі келген екі адам қайтыс болды

Үндістанның Канпур қаласында лицензиясыз клиникада жүргізілген шаш трансплантациясы операциялары салдарынан екі адам қайтыс болды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі Independent-ке сілтеме жасап.

Операцияны біліксіз стоматолог жүргізген. Винит Кумар Дубей мен Майанк Катияр есімді науқастар дәрігер Анушка Тиваридің лицензиясыз жүргізген операцияларынан кейін қайтыс болды. Тивари тек стоматология саласының маманы болған. Алайда ол YouTube арқылы өзін шаш трансплантациясы маманы ретінде жарнамалап келген.

Дубей 2025 жылғы 13 наурызда операция жасатқаннан кейін денсаулығы күрт нашарлап, 15 наурызда жеке ауруханада қайтыс болған. Оның әйелі Джая Трипатхи күйеуінің беті ісіп кеткені жайлы хабар алғанын, бірақ одан кейін дәрігерге хабарласқанымен жауап ала алмағанын айтып полицияға шағымданған.

Катияр да өткен жылдың 19 қарашасында ұқсас жағдайда операциядан кейінгі күні қайтыс болған.

Аудандағы бас дәрігер Хари Негидің жетекшілігімен жүргізілген тергеуде, Дубейге оның диабет пен гипертония сияқты ауыр аурулары бар болса да операция жасалғаны анықталды. Сот-медициналық сараптама қорытындысы бойынша, науқас ми ісінуінен және стерильденбеген құрал-жабдықтардан жұққан ауыр инфекциядан қайтыс болған.

Джая Трипатхи 14 наурызда дәрігердің тест жасамай операция жасағанын мойындағанын және күйеуін басқа ауруханаға ауыстырғанын айтты.

Қазіргі таңда қылмыстық іс қозғалып, дәрігер қамауға алынды. Оны 14 күнге қамау санкциясы берілді.

Полиция оқиғаның маңыздылығын алғашында елемеген. Бас министрдің шағымдар бөліміне арыз түскен соң ғана іс ресми тіркелген.

Қосымша тергеу жұмыстары жалғасуда. Тергеушілер қазір Тиваридің клиникасының жұмысын, оның ішінде қызметкерлердің біліктілігін және дәрі-дәрмек сапасын тексеріп жатыр.