Атырау облысында келіні енесін пышақтап тастаған. Жағаұстатар қанды оқиға Қызылқоға ауданының Жасқайрат ауылында болды. Ақ халаттылар келген кезде 83 жастағы кейуана өте ауыр жағдайда жатқан. Бас аймағында көптеген гематомалар мен кесілген жарақат анықталған. Ауруханаға жеткізілгенге дейін комаға түсіп, аудандық аурухана төсегінде көз жұмды. Алақандай ауыл халқын бұл оқиға есеңгіретіп тастады. Осынша қатігездікке бару себебін де болжай алар емес. Ауыл әкімі бұрын-соңды отбасылық жанжал бойынша шағым түспеген,- дейді.
АБАТ АҚБАЛАШҰЛЫ, ЖАСҚАЙРАТ АУЫЛЫНЫҢ ӘКІМІ:
Бұрын-соңды ондай ештеңе болған жоқ, үй ішінде жанжал болмаған. Енесі мен келінінің арасында да ондай ештеңе естілген жоқ. Бұрын ақыл-есі дұрыс, бұрын ауыратыны байқалмаған, ақыл-есі кемістігі байқалмаған, естілген де жоқ.
Марқұмның ұлы вахталық әдіспен жұмыс істеген. Сол күні үйінде болған. Сырт жақта жүрген көрінеді. Жедел жәрдемге хабар берген өзі екен. Оның 39 жастағы әйелі қазір тергеу абақтысында. 5 баласы бар. Ювеналды полиция мамандары екі кенже баласын әкесінің келісімімен қаладағы сәбиелер үйіне уақытша орналастырды. Полиция қылмыстық іс қозғады.
МЕЙІРІМ ЕРДӘУЛЕТ, ОБЛЫСТЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:
Қазіргі таңда қылмыстық іс тіркеліп, кешенді тергеу амалдары жүргізілуде. Қылмысқа күдікті ретінде танылған 1986 жылы туылған азаматша қамауға алынды.