Елімізде «Қазақстан балалары» ұлттық науқаны жалғасып жатыр. Астаналық оқушылар Есілдің жағасында қауіпсіздік ережелерін сақтауға қатысты түсіндірме жұмыстарымен танысты. Қала әкімдігі, білім беру ұйымдары және төтенше жағдайлар департаментінің ұйымдастыруымен өткен шараға 100-ден аса бала қатысты.
«Балалар қауіпсіздігі басты назарда». Астанада осы атаумен балалар мен ата-аналарға арналған профилактикалық шара өтті. «Заң және тәртіп» қағидаты аясында өткен шарада мамандар балаларға күнделікті өмірде, үйде, көшеде және табиғат аясында қауіпсіздік ережелерін сақтау бойынша практикалық кеңес берді.
МАДИЯР МЫРЗАГЕЛДИЕВ, ҚАЛАЛЫҚ ТЖД БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Іс-шараның мақсаты – балалардың жарақат алмауы. Төтенше жағдайлар кезінде өз-өзін қорғау және қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру болып табылады. Іс-шарада өрт сөндірушілердің және құтқарушылардың алғашқы көмек көрсету, өрт қауіпсіздік ережелерін сақтау судағы қауіпсіздікті сақтау, тағы да басқа іс-шаралар өтіп жатыр.
Төтеншеліктер ұйымдастырған шара балаларды зеріктірмеді. Олар түсіндіру жұмыстарымен танысып ғана қоймай, түрлі техникаларға мініп, құтқарушылардың арнайы киімдерін киіп, жабдықтарын пайдаланып көрді.
ДИЛЬНАЗ ЖАНАТҚЫЗЫ, ОҚУШЫ:
Бұл жерде барлығы тамаша өтіп жатыр. Төтенше жағдайлар департаментінің мамандары осындай шара ұйымдастырғаны мені қуантты. Тек мен емес, барлық бала қуанышты. Балалардың дені өзге ұлт өкілдері, олар шетелдерден келген. Олар біздің елдің техникаларын көріп, мініп, өздерін керемет сезінуде.
ЛАУРА СМАҒҰЛ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
Мен де анамын. Балам үшін алаңдаймын. Сол балам білсін деп, сол үшін алып келдім. Жақсы іс-шара деп ойлаймын. Балаларды таныстырып жатыр.
«Сақтансаң сақтаймын» демекші, әр адамның қауіпсіздігі өз қолында. Сондықтан мамандар ата-аналар мен балаларды демалыс кезінде сақтық шараларын қатаң сақтауға шақырды.