Баянауылда Жасыбай демалыс аймағының кәсіпкерлері шу көтерді. Айтуларынша, Баянауыл ұлттық табиғи паркі жұмыс істеуге рұқсат бермей қойған. Соның салдарынан 40-қа жуық азамат жұмыссыз қалуы мүмкін.
ӨЗГЕРІС ҚУАНАР, ТІЛШІ:
Жасыбай демалыс аймағы биыл 14 маусымда ашылады. Оған екі аптадай ғана уақыт қалды. Алайда, кәсіпкерлер дайындық жұмыстарын жасай алмай отыр. Себебі, қызмет көрсетуші ұйымдарға Баянауыл ұлттық табиғи паркі жұмыс істеуге рұқсат бермеген.
Бұл кәсіпкерлер туристерге түрлі қызмет көрсетумен айналысады. Этноауылда киіз үй қалашығын құрып, демалушыларға жағдай жасайды. Баянауылдың көрікті жерлерін атпен қыдыртады. Алайда, оның барлығына осы жылы рұқсат берілмей отыр.
ҚАЛМҰҚАН ҚАРЖАС, КӘСІПКЕР:
Ата-бабамыздан келе жатқан киіз үйлер бар ғой. Соларды қойып, мынау 5 жылдыққа алайық десек, 5 жылдыққа бермейді. Жыл сайын айғай шумен киізүйді құрамыз. Енді биыл, былтырдан бері құрғызбай қойды.
Өткен жылы әкімдік Жасыбай жағасына сауда саттыққа арналған 7 дүңгіршек қойған. Нысан кәсіпкерлерге сенімгерлік басқаруға берілген. Алайда, Ұлттық паркі дүңгіршектерді алдырып тастаған.
БАҚТИЯР САҒЫМ, КӘСІПКЕР:
Біз жұмыскерлер аламыз. Ол жұмыскерлерге ақша төлеу керек. Ол жұмыскерлерге туалеттен тапқан ақша жетпейді. Сол киосктарды қойып, киосктардан ақша істеп, сол жұмыскерлерге төлейміз. Туалеттің өз тапқан ақшасы септиігіне өзіне кетеді.
Жасыбай демалыс аймағының бас жоспары жоқ. Сол себепті рұқсат берілмепті. Егер демалыс маусымы басталғанға дейін мәселе ешшілмесе, кәсіпкерлер жұмыссыз қалмақ.
САМАТ МАҚАЖАНОВ, БАЯНАУЫЛ АУДАНДЫҚ МӘСЛИХАТЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ:
2025 жылдың басында да біз Экология министрлігіне барып, жолығып, жеке қабылдауында болып ек. Осы мәселені айтып едік, кәсіпкерлердің мәселесі бүгінгі күнге дейін әлі шешілген жоқ. Тағы да қауіп төніп тұр. Осындай тәуекел бар кәсіпкерлеріміз осы жылы да жұмыс істей алмайтын.
Баянауыл ұлттық табиғи паркі бас жоспарды Экология министрілігі бекітетінін хабарлады. Қазіргі уақытта 2021 жылы жасалынған жоспарға өзгерту енгізу бойынша жұмыстар жасалынып жатыр – деді.
АЖДАР ЖҮСІПОВ, «БАЯНАУЫЛ» ҰЛТТЫҚ ТАБИҒИ ПАРКІНІҢ ДИРЕКТОРЫ:
Заңсыз қойылған дүңгіршектер мен ойын алаңдарын алып тастадық. Ал кәсіпкерлердің ісін Үйлестіру кеңесінде қарайтын боламыз. Сол кезде бизнес өкілдерінің мәселесін бірлесе шешуге тырысамыз.
Бұл мәселеден аудан әкімі хабарсыз болыпты. Сол себепті кәсіпкерлермен кездесіп, мәселені шешуге тырысатынын жеткізді.
АРДАҚ КІСЕНТАЕВ. БАЯНАУЫЛ АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ:
Кешегі күні комиссия отырысын өткіздік. Комиссия отырысында жазғы туризм маусымынының дайындығын талқыладық. Сол жерде ондай мәселе туындаған жоқ.
Бас жоспар бекітілмейінше, кәсіпкерлердің кәсібінен қол үзуіне тура келмек. Ал жаңа құжаттың қашан қабылданары белгісіз.