$512.1 €583.64 ₽6.5
×

Газаны азат етемін деген Трамп Нитаньяхуды сынға алды

29.05.2025ж. 20:00
99
Газаны азат етемін деген Трамп Нитаньяхуды сынға алды

Нитаньяху тағы бөркін аспанға атып жатыр. Қуаныштан төбесі көкке жетуіне сәл-ақ қалды. Себебі, Израиль әскері ХАМАС ұйымының көшбасшысы Мұхаммед Синварды өлтірді. Газаны азат етемін деген Трамп Нитаньяхуды сынға алды. Бірақ, бұл үшін емес. АҚШ Президенті Израиль басшысына бұйрық бердім, Иранға шабуыл жасамайды, - деп көпшілікті тағы таңқалдырды. Ал, Палестинаның Біріккен Ұлттар Ұйымындағы өкілі мәйіттердің суретін көрсеткен кезде көз жасы көл болды.

Беньямин Нитаньяхудан бақытты адам жоқ. Себебі, Израиль әскері ХАМАС лаңкестік ұйымының жетекшісі Мұхаммед Синварды өлтірді. Ол Газа секторындағы жер асты мекенінде болып шықты. Жарияға жар салған Премьер-министр Газаға қысым бұнымен тоқтамайтынын ашық айтты.

БЕНЬЯМИН НИТАНЬЯХУ, ИЗРАИЛЬ ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:

Біз осы соғыс басталғалы онмыңдаған лаңкестің көзін жойдық. Бүгін ең басты лаңкес – Мұхаммед Синварды да өлтірдік. Бұнымен әрине, тоқтап қалмаймыз. Израильге ешқандай террорист қауіп төндірмейтін жағдай қалыптаспайынша, қырғынды жалғастырамыз.

Дональд Трамп тағы сын астында қалды. АҚШ Президенті Израиль Премьер-министріне бұйрық бердім, - деп міз бағар емес. Бастапқыда Газа секторындағы қырғынды тоқтату туралы сөз болады ма деп үміттенген журналистер, Трамп жауабын естігенде таңқалды. Себебі, Газаны құтқарамын деп уәде еткен Трамп, бір ауыз сөз қозғамаған. Тек ядролық келіссөз кезінде Иранға соққы жасамасын, - депті.

ДОНАЛЬД ТРАМП, АҚШ ПРЕЗИДЕНТІ:

Біз Израильмен күні бойы байланыстамыз. Сондықтан, Израиль басшысына осындай талап қойғанымды жасырмай-ақ қояйын. Иранмен қазір келіссөздер жүргізіліп жатыр. Сол үшін әзірге күш қолданудың қажеті жоқ. Осы уақытта біз дипломатия арқылы да өзекті мәселенің шешімін таба алатынымызды көрсетуіміз керек. Егер, келіссөздер шешімін таппаса, әрине, Израильге рұқсат беремін.

Бүкіл әлем Израильдің озбырлығының алдында шарасыз қалды. Бұған налыған Палестинаның Біріккен Ұлттар Ұйымындағы тұрақты өкілі – Рияз Мансұр ассамблея отырысында өз сөзін оқимын деп, көз жасы көл болды.

РИЯЗ МАНСҰР, БҰҰ-ДАҒЫ ПАЛЕСТИНАНЫҢ ТҰРАҚТЫ ӨКІЛІ:

Мынау суреттерге қараңыздаршы! Аналар мен балалар құшақтасқан күйі өліп кеткен. Аштықтан қиналғандары сонша, құр сүлделері қалды. Ал мынау суреттерде, автомат оғынан қайтыс болған балалар мен аналар. Бұны бірінші рет көріп отырған жоқсыздар. Бүкіл мен-мен деген дипломаттар осында жиналған. Сонда халықаралық қауымдастықта Израильге ешқайсыларыңыздың сөздеріңіз өтпейді ме?

Белгілі миллиардер, Илон Макс Ақ үйдегі қызметінен кетті. Дональд Трамптың жеке көмекшісіне айналған Тесла мен Спэйс-икс компанияларының басшысы өз миссиясын орындағанын жарияға жар салған. Естеріңізге сала кетсек, бюджет тиімділігін реттеймін, - деген Макс, келе сала мыңдаған мемлекеттік қызметшіні жұмыстан қуып жіберген еді.