$510.81 €578.59 ₽6.51
×

Форт-Шевченко қаласында су тұщыту зауыты іске қосылды

29.05.2025ж. 20:00
109
Форт-Шевченко қаласында су тұщыту зауыты іске қосылды

Маңғыстау облысының Түпқараған ауданында ауыз су тапшылығын шешу мақсатында маңызды қадам жасалды. Бүгін Форт-Шевченко қаласында қуаттылығы тәулігіне 5000 текше метр болатын жаңа су тұщыту зауыты іске қосылды.

Жаңа зауыт Форт-Шевченко, Баутино және Аташ ауылдарының 12 мың тұрғынын ауыз сумен қамтамасыз етеді. Қазір мұндағы тәуліктік тұтыну көлемі 3500 мың текше метрдің төңірегінде.

МАҚСАТ САТЫБАЕВ, ТҮПҚАРАҒАН АУДАНЫ ҚҰРЫЛЫС БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:

Негізі қазір беріп жатқан су тұщыту зауытының есебі бойынша 1600 куб керек. Бұл Форт-Шевченко, Баутино және Аташты жартылай қамтамасыз етеді. Бұл зауыт қосылса Форт-Шевченко және де өндірістік аймақтардың барлық жерін қамтамасыз етеді. Және алда өсу мақсатымен де пайдалануға болады.

Жобаны «Толағай 2050» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүзеге асырды. Бұл мақсатта республикалық бюджеттен 7 миллиард теңге бөлінген. Осыған дейін ауыз суды тасып ішуге мәжбүр болған тұрғындар тіршілік нәрін тұщытатын зауытты ұзақ күткендерін айтады.

АМАНҒАЛИ АҚЫБАЕВ, ТҰРҒЫН:

Бұл халықтың, елдің күткені. Елімізді сумен, су тіршілік көзі дейді ғой, енді міне арманымыз орындалып, халықтың көңілі жай болайын деп тұр. Бүгін сондай қуанышты сәт. Зауытымыз іске қосылып, халыққа қызмет етіп, сумен қамтамасыз етсе, содан артық бақыт жоқ бізде.

Қазіргі уақытта аймақта ауыз су мәселесін шешуге бағытталған бірнеше ірі жоба жүзеге асырылуда. Маусым айының соңында қуаттылығы тәулігіне 50 мың текше метр болатын тағы бір ірі су тұщыту зауытының құрылысы аяқталады деп күтілуде. Бұл жоба Кендірлі курорттық аймағында орналасқан Тоқмақ ауылының маңында жүзеге асырылып жатыр. Осылайша, аймақта ауыз су тапшылығын шешуге бағытталған ауқымды шаралар қабылданып, тұрғындардың өмір сапасын арттыруға бағытталған жұмыстар жалғасуда.