Ақмола облысы Макинск қаласындағы ауруханада дәрігер қателесіп инсульт алған науқасқа улану диагнозын қойған. Салдарынан науқасқа дер кезінде көмек көрсетілмеген.Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Newtimes.kz басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Оқиға туралы науқас М-нің жақын туысы Қуаныдық Мәғзәмов айтып берді. Оның айтуынша, 39 жастағы ағасы 22 мамыр күні өзін нашар сезінген. Ол жүрегі айнып, қатты басы ауырып, құып, денесінің оң жағы жансыздана бастаған. Жақындары бірден жедел жәрдем шақырып, науқас дереу Макинск қаласындағы Бұланды аудандық ауруханасына жеткізілген.
"Оны сол жерде терапевт-дәрігер Тамаша Сыздықова қабылдады. Жақындары оған барлық белгілерді айтып, инсульт немесе фельдшер айтқандай тамырдың қысылуы болуы мүмкін екенін жеткізген. Қысқасы, неврологиялық патологияға күмәнданған. Бірақ дәрігер бұл жай ғана улану екенін айтып, дүрбелең туғызбауды сұраған. Жақындары оның инсульт емес екенін дәлелдеуге тырысқан. Науқастың денесінің жартысы жансызданғанын дәрігер ескермеген", – дейді Қуаныдық.
Науқасқа асқазанды тазарту үшін көп су ішуге мәжбүр болған. Ми қан айналымының жедел бұзылуы кезінде алғашқы 4,5 сағатта көмек көрсету өте маңызды. Алайда қате диагноз салдарынан, ер адам уақыт жоғалтқан.
"Науқастың туыстары компьютерлік томография жасауды сұраған. Алайда дәрігер құрылғылардың бос емес екенін, лаборанттың жоқ екенін айтқан. Артынша туыстары өздері лаборантты тауып әкеліп, КТ жасатты. Бірақ дәрігер “Нәтижелер таңертең дайын болады, күтіңіздер” деді. Ал ағамның жағдайы нашарлай берді – денесінің жартысы істемей қалды, басы қатты ауырды, құсуы тоқтамады. Ақыры бұл жерден ешқандай көмек болмайтынын түсініп, науқасты туыстыры Көкшетауға алып барған. Онда шұғыл медициналық көмек станциясына жүгініп, ауруханаға жеткізілді. Сол жерде дәрігер бастапқы диагноз ретінде ишемиялық инсульт екенін бірден айтты", – дейді Қуаныдық Мәғзәмов.
Диагноз расталды, науқас жансақтау бөлімінде жатыр. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы М-нің жағдайы ауыр, бірақ тұрақты екенін хабарлады.
"Отандық дәрігерлер дұрыс диагноз қоймаған": 9 жыл бойы бедеуліктен емделген қазақстандық екі баланы дүниеге әкелді
"Қазіргі уақытта қызметтік тергеу жүргізіліп жатыр. Оқиғаның барлық мән-жайы тиісті мамандардың қатысуымен мұқият зерттелуде. Тексеру аяқталғаннан кейін ресми ақпарат беріледі", – деді денсаулық сақтау басқармасы.
Науқастың туыстары терапевт-дәрігерді кінәлап отыр. Олардың пікірінше, дәрігердің немқұрайдылығы кесірінен науқасқа қажетті көмек уақытылы көрсетілмеген.
"Оның кесірінен науқас уақыт жоғалтып, өміріне қауіп төнді. Біз мұндай дәрігерлерге медицинада орын жоқ деп санаймыз. Ең болмағанда ол жұмыстан босатылуы тиіс. Біз қарапайым халық өмірімізді дәрігерлерге сеніп тапсырамыз. Ал мұндай қатынас кәсіби ғана емес, адамгершілік тұрғыдан да қылмыс", – дейді науқастың туыстары.
Біздің редакция оқиғаның әрі қарайғы дамуын бақылауда ұстайды.