Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Джорджа Мелони келіссөз жүргізді
– Сіздің бұл сапарыңыз – екіжақты ынтымақтастығымыздағы айтулы оқиға. Біз өзара байланысқа, достық пен сенімге құрылған қарым-қатынасқа айрықша мән береміз. Италия Қазақстанның әлемдегі сауда серіктестерінің үштігіне кіреді және Еуропадағы ірі әріптесіміз. Бұл бекер емес. Екіжақты ынтымақтастықтың жоғары қарқынын сақтауымыз қажет. Сіздің сапарыңыз қос ел арасындағы көпқырлы ықпалдастықты дамытуға тың серпін беретіні сөзсіз, – деді Қазақстан Президенті.
Ал, Джорджа Мелони елге шақырып, қонақжайлық танытқаны және Астана халықаралық форумында сөз сөйлеуге мүмкіндік жасағаны үшін Президентке алғыс айтты.
– Бұл форум диалог үшін маңызды алаңдардың біріне айналып келеді. Біз Қазақстанды Италияның стратегиялық серіктесі, ал Орталық Азия өңірін стратегиялық тұрғыдан маңызды тоғыз жолдың торабы ретінде қарастырамыз. Бізге диалог қажет. Мұны Өзіңіз де жақсы түсінесіз. Қазақстан – Италияның көптеген сала бойынша маңызды әріптесі. Екі ел арасындағы ынтымақтастық табысты дамып келеді. Әйтсе де, кеше айтқанымдай, энергетикадан бастап мәдениетке дейін, университеттердің тәжірибе алмасуы, халықтар арасын жақындату бағыттарында бұдан да жоғары нәтижеге қол жеткізуге мүмкіндік бар, – деді Италия Премьер-министрі.
Кездесуде сауда-экономикалық және инвестициялық ықпалдастықты кеңейту перспективасы талқыланды.