Қазақстанда кәмелетке толмағандарға қатысты жасалатын қылмыстардың саны тұрақты түрде төмендеп келеді. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен дөңгелек үстел барысында ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Алексей Милюк мәлімдеді, деп хабарлайды KAZINFORM.
— Соңғы бес жылда кәмелетке толмағандарға қатысты қылмыстар саны азайды. Ал биыл балаларға қарсы жыныстық қылмыстардың тіркелуі 21%-ға төмендеді. Бұл заңнаманы күшейтудің нақты нәтижесі, — деді Алексей Милюк.
Ведомство өкілінің айтуынша, Ішкі істер министрлігі құқық бұзушылықтың алдын алуға бағытталған жаңа заң жобасын әзірлеген. Аталған құжатта жасөспірімдер қылмысының алдын алу жеке блок ретінде қарастырылып отыр.
— Жаңа заң жобасы аясында кәмелетке толмағандарға құқықтық, әлеуметтік, психологиялық және педагогикалық көмек көрсету бойынша мемлекеттік органдардың құзыреті қайта қаралады. Сондай-ақ профилактикалық бақылауға алынатын адамдардың санаттары жаңартылып жатыр. Қазіргі уақытта заң жобасы Парламент Мәжілісінің қарауында, — деді спикер.
Бұдан бөлек, жыл сайын ІІМ органдарының профилактикалық шараларымен 5 мыңнан астам жасөспірім және 6 мыңнан астам ата-ана қамтылады. Олар бала тәрбиесі жөніндегі міндеттерді орындамайтындар санатына жатады.
Министрлік өкілдері кәмелетке толмағандарға қатысты қылмыстың алдын алу үшін тиісті органдардың өзара іс-қимылы мен ата-аналардың жауапкершілігін арттыру маңызды екенін атап өтті.