$510.81 €578.59 ₽6.51
×

Мемлекет басшысы Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедовпен кездесті

AstanaTV
30.05.2025ж. 17:06
70
Мемлекет басшысы Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедовпен кездесті
Фото: Ақорда

Қасым-Жомарт Тоқаев Түрікменстан Президентіне ілтипат білдіре отырып, оның бірінші «Орталық Азия – Италия» саммитіне қатысуы мемлекетаралық көпқырлы қарым-қатынастарды одан әрі ілгерілету тұрғысынан маңызды екенін атап өтті, деп хабарлайды Astana TV.

– Екі ел арасындағы ынтымақтастықты дамытуға баса мән береміз. Экономикалық байланыстарда нақты нәтижелерге қол жеткіземіз деп есептеймін. Басқа да салалар бойынша, әсіресе, мәдени-гуманитарлық бағытта ықпалдастық қарқынды дамып келеді. Күн тәртібіндегі жобаларды жүзеге асыруға қос тарап та күш жұмылдыратынын ескерсек, өзара тиімді қарым-қатынастың келешегі зор, – деді Мемлекет басшысы.

Президенттің пікірінше, қазір Астана мен Ашхабад арасындағы ынтымақтастық өркендеп, көптеген негізгі салаларда оң динамика байқалады. 

Сердар Бердімұхамедов Қасым-Жомарт Тоқаевқа қонақжайлық танытқаны және «Орталық Азия – Италия» саммитін табысты өткізгені үшін алғыс айтты. 

– Орталық Азия елдері мен Италия жоғары деңгейдегі осындай форматта тұңғыш рет келіссөз жүргізіп отыр. Саммит қорытындысы мемлекеттеріміз арасындағы ынтымақтастықты кеңейтуге ықпал ететініне сенімдімін, – деді Түрікменстан Президенті.

Кездесуде Қасым-Жомарт Тоқаев Халк Маслахатының Төрағасы Гурбангулы Бердімұхамедовке ыстық ықыласын жолдап, оның жауапты қызметіне толағай табыс тіледі.