Шымкентте жол ережесін бұзған адамға тас лақтырған полицейге қатысты қызметтік тергеу тағайындалды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Әлеуметтік желіде Шымкентте полиция қызметкерінің жол қозғалысы ережесін бұзған адамды ұстауға тырысып, соңынан оған тас лақтырған сәті түсірілген видео тарауда.
Кадрдан мотоцикл жүргізушісінің екі полицейден қашып бара жатқанын көруге болады. Олардың бірі жерден тас алып, оны құқық бұзушыға қарай лақтырған. Бұл видео желі қолданушылары арасында қызу талқыға түсуде.
Шымкент қалалық Полиция департаментінің баспасөз қызметі жағдайға қатысты түсініктеме берді.
Мопед жүргізушісі жол қозғалысы ережесін бұзып, полиция қызметкерлерінің заңды талабын елемей, жасырынуға тырысқан. Ол жол қозғалысына қатысушылардың өміріне қауіп төндірді. Ер адам ұсталып, жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар, полицейдің әрекеті белгіленген нормаларға сай емес. Оған қатысты қызметтік тергеу тағайындалды. Тергеу нәтижесінде оның әрекетіне құқықтық баға беріледі, - делінген хабарламада.