"Сізді көреген көшбасшылардың бірі санаймын". Елімізге ресми сапармен келген Италия премьер министрі Қасым-Жомарт Тоқаевқа осылай деп ілтипат білдірді. Қазіргі аумалы-төкпелі заманда сын-қатерлерді терең түсінетін адаммен әңгімелесудің өзі құнды екенін айтты. Бүгінде Италиямен тығыз қарым-қатынас орнаған. Бұл мемлекет соңғы 20 жылда елімізге 8 млрд долларға жуық инвестиция құйған. Былтыр алыс-беріс көлемі 20 млрд доллардан асты. Арадағы уағдаластық одан сайын артатыны сөзсіз. Себебі, Мемлекет басшысы мен Италия премьер министрі бірлескен мәлімдеме жасады. Толығырақ Сүндет Оралбек сараласын.
СҮНДЕТ ОРАЛБЕК, ТІЛШІ:
Биыл Қазақстан мен Италия арасында дипломатиялық қатынас орнағанына 33жыл толды. Осы уақыт ішінде қос тарап теңдессіз уағдаластықтарға қол жеткізді. Мазмұнды саяси диалог жүргізіліп, алыс-беріс пен барыс-келіс көлемі өсті. Келісімшарттар базасы кеңейіп, ынтымақтастық нығайды.
Бұл -Джорджа Мелонидің Қазақстанға алғашқы сапары. Мәртебелі мейманды Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада күтіп алды. Ресми делегация мүшелерін таныстырып, екі елдің әнұраны шырқалды. Сап түзеген құрмет қарауылына ілтипат білдіріп, келіссөз залына қарай беттеді.
Бұл сапар қос ел арасындағы көпқырлы ықпалдастықты дамытуға тың серпін береді. Қасым-Жомарт Тоқаев шағын құрамдағы келіссөзде осылай баға берді. Алдағы уақытта да екіжақты ынтымақтастықтың жоғары қарқынын сақтау қажет екенін айтты. Бүгінде энергетикадан бастап мәдениетке дейін, университеттердің тәжірибе алмасуы, халықтар арасын жақындату бағыттарында бұдан да жоғары нәтижеге қол жеткізуге мүмкіндік бар.
СҮНДЕТ ОРАЛБЕК, ТІЛШІ:
Италия еліміздің негізгі сауда серіктестерінің бірі. Былтыр екі ел арасындағы тауар айналымы 20млрд долларға жуықтаған. Бұл қаржының 18млрдтан астамы Қазақстан экпортына тиесілі.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Сіздің басшылығыңызбен Италия Үкіметінің Қазақстанмен арадағы тығыз қарым-қатынастарды сауда және инвестиция салаларында ғана емес, парламентаралық ықпалдастық бағытында дамытуға ұмтылысын жоғары бағалаймыз. Сондай-ақ екіжақты гуманитарлық ықпалдастыққа да шынайы ризашылығымызды білдіреміз.
Соңғы 20 жылда Италия еліміздің экономикасына 7,6 млрд доллар қаржы құйды. Қазақстанда ENI, SDF Group, PetroValves және Ballestra секілді ірі инвесторлар бастаған 270-ке жуық италиялық компания табысты жұмыс істеп жатыр. Джорджа Мелони екі ел арасындағы ықпалдастықты жоғары бағалап, Қасым-Жомарт Тоқаевті көреген көшбасшылардың бірі санайтынын жеткізді.
ДЖОРДЖА МЕЛОНИ, ИТАЛИЯ МИНИСТРЛЕР КЕҢЕСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ:
Қазіргі сын-қатерлерді терең түсінетін адаммен әңгімелесу мен үшін өте құнды. Осынау қиын кезеңде жақсы жаңалықтар да бар. Соның бірі – Италия мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынас. Біздің байланыстарымыздың деңгейі жоғары. Мұны бұған дейін бірнеше рет атап өттік. Дегенмен ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға мүмкіндік жеткілікті. Менің сапарымның мақсаты да осы.
Биыл Талдықорғанда Италияның Марке политехникалық университетінің филиалы ашылады. Қазірдің өзінде ғимараты, бағдарламасы әзірленген. Онда Италиядан келген оқытушылар да жұмыс істейтін болады. Бұдан бөлек, Италияны тағы 2 жетекші білім ордасымен келіссөз жүргізіліп жатыр.
САЯСАТ НҰРБЕК, ҚР ҒЫЛЫМ ЖӘНЕ ЖОҒАРЫ БІЛІМ МИНИСТРІ:
Ла Сапиенца Рим мемлекеттік университеті мен Италиядағы жетекші технологиялық жоғары оқу орындарының бірі — Милан политехникалық университеті. Сонымен қатар Турин политехникалық университетімен де алдын ала уағдаластық болған еді. Турин — автомобиль жасау және өнеркәсіптік дизайн елордасы. Келесі жылы-ақ жақсы жаңалықпен қуантамыз деп үміттенемін.
Италия Қазақстан Ұлттық музейінде Реставрация орталығын тегін ашып беруге дайын. Өкінішке қарай бізде қайта қалыпқа келтіру жұмыстарымен жекеменшік ұйымдар айналысады. Құны тым қымбат. Ал өңірлердегі музейлердің бұл қызметке жүгінуіне мүмкіндігі жоқ. Орталық ашылса, республика деңгейінде реставрация жұмыстарын жүргізуге болады.
АИДА БАЛАЕВА, ҚР МӘДЕНИЕТ ЖӘНЕ АҚПАРАТ МИНИСТРІ:
Біздің келісіміміз бойынша италиялық әріптестеріміз бізге реставрация орталығын құрып береді. Олар өздерінің технологияларын, жабдықтарын тегін түрде беруге дайын.
Келіссөздер нәтижесінде Қасым-Жомарт Тоқаев пен Джорджа Мелони Бірлескен мәлімдеме қабылдады. 8 құжатқа қол қойылды. Айта кетейік, Мемлекет басшысы мен Италия премьер министрі Астана халықаралық форумының арнайы сессиясына қатысты. Мінберде мәртебелі мейман қазіргі геосаяси ахуал, өңірлік ынтымақтастық туралы сөз сөйледі.