Бүгін «Орталық Азия – Италия» саммитіне қатысу үшін бірқатар елдің Президенті Астанаға ат басын бұрды. Алғаш болып Түрікменстан басшысы Сердар Бердімұхамедов мінген ұшақ Елорда әуежайына қонды. Бүгінде бұл елмен көлік, логистика, білім беру, мұнай-газ салаларын дамыту мақсатында бірлескен жобалар жүзеге асырылуда. Артынша Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаров келді. Былтыр айыр қалпақты ағайынмен арадағы тауар айналым 1,7 млрд доллардан асқан болатын. Бүгінде көршілермен алыс-беріс көлемін 3 млрд долларға дейін жеткізу міндеті тұр. Көп күттірмей Шавкат Мирзиёев мінген Өзбекстанның нөмері бірінші борты да әуежайға қонды. Көршілес өзбек жұртымен су, энергетика, көлік-транзит, ауыл шаруашылығы салаларында ынтымақтастық орнаған. Артынша Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон келді. Бұл елмен екіжақты қарым-қатынас стратегиялық әріптестік шеңберінде дамып келеді. Өзара тауар айналымын 2 млрд долларға жеткізу жоспарланған. Мәртебелі меймандардың барлығын Үкімет басшысы Олжас Бектенов ыстық ықыласпен күтіп алды.