$510.81 €578.59 ₽6.51
×

Қазақстанның Италияға экспорты арта түседі

30.05.2025ж. 20:00
83
Қазақстанның Италияға экспорты арта түседі

Қазақстанның Италияға экспорты арта түседі. Апенин түбегіне бір мезетте еліміз құны 1 млрд доллар болатын 100 тауар түрін тасымалдауға әзір. Елордада "Орталық Азия-Италия" саммиті өтіп жатыр. Орта Азияның жетекші мемлекеті ретінде Қазақстан алқалы жиынды қабылдап, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бірлесе дамуға бағытталған бірегей жобаларды ұсынды. Тараптар тағы қандай ұсыныстар жасады? Әріптесім Еркелді Тілеуқұл баяндайды.

ЕРКЕЛДІ ТІЛЕУҚҰЛ, ТІЛШІ:

Италияның Орта Азия елдерімен сауда айналымының 85 пайызы Қазақстанға тиесілі. 2024 жылы еліміз Италиямен 20 млрд долларға жуық сауда жасаған. Соның ішінде 18,7 млрд долларға тауарды Қазақстан Апенин түбегіне экспорттаған. 20 жыл ішінде Италияның тікелей инвестициясы 7,7 млрд долларға жетті. Бүгінгі алқалы жиынның қорытындысы бойынша осы көрсеткіштер арта түспек.

Кез-келген алпауытқа Орта Азияның, әсіресе, Қазақстанның ұсынары көп. Орта дәліз арқылы логистика, сирек металлдарды барлау мен өндіру, экологияны қалпына келтіру, тіпті, гуманитарлық байланыс. Бұл мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың саммитте қозғаған мәселелері.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Орталық Азия ықылым заманнан бері Шығыс пен Батыс арасында дәнекер болып, өркениетаралық диалогты дамытуда маңызды қызмет атқарған. Бүгінде біздің өңір бұрын-соңды болмаған бірліктің үлгісін танытып, тату көршілік және баршаға ортақ прогресс қағидаттарын берік ұстанатынын көрсетуде. Әлемдік аренада жасампаз күн тәртібін ілгерілете отырып, Орталық Азия халықаралық қатынастың ықпалды субъектісі ретінде өз ұстанымын дәйекті түрде нығайтып келеді.

Қазақстан Еуропалық Одаққа мұнай тасымалдаушы елдердің үштігіне кіреді. Бірақ мемлекет басшысы жаһандық климаттық өзгерістермен күрес мақсатында бейтарап көміртекті өндірістерге ден қойып, инвестиция салуға шақырды.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Өңірдегі жасыл жобаларды қолдау үшін және осы бір көміртексіз отынның жеткізу тізбегін құру үшін құрылтайшысы Италия болып отырған «Биоотын» жаһандық альянсымен байланысты жолға қою ұсынылады.

Еліміз басымдық беріп отырған бағыт - көлік-логистика. Каспий теңізі арқылы Орта дәліздің бар әдеуетін пайдалана отыра, Азия мен Еуропа, екі дүние бөлігінің ортасындағы тауар тасымалдауды әлдеқайда тиімді етуге бағытталған.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ. ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Аймақта көлік технологиясының бірлескен кәсіпорындарын құрып, Италиядан өндірістерді жергілікті экономикада оқшаулауға қызығушылық бар. Бұл елдерімізге айтарлықтай пайда әкеледі. Бұл бағытта бізде жемісті ынтымақтастықтың мысалдары баршылық. Мысалы, қазақстандық зауыттардың бірінде италиялық технология бойынша ауылшаруашылығы техникасын құрастыру жолға қойылған. Сонымен қатар, италиялық компанияның қатысуымен күкірт қышқылы зауытының, газ өңдеу зауытының құрылысы басталды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2026 жылы «Орталық Азия мен Италияның» мәдени қозғалыс жылы ретінде атап өтуді ұсынды. Президенттің айтуынша, саммитте көтерілген бастамалар бірлескен қадамның негізі.