Алматыда Қазақстан мен Өзбекстанның Парламентаралық ынтымақтастық кеңесінің екінші отырысы өтті. Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов пен Өзбекстан Олий Мажлисі Заң шығару палатасының спикері Нуриддин Исмоилов екіжақты ынтымақтастықты кеңейту және парламентаралық қатынастарды дамыту жөніндегі уағдаластықтардың іске асырылу барысын талқылады. Басқосуда тараптар экономика, ақпараттық технологиялар және жасанды интеллект сияқты бағыттар бойынша ынтымақтастықтың перспективаларына, сондай-ақ мәдени-гуманитарлық және туристік салалардағы жобаларға басымдық берді. Сондай-ақ мәртебелі меймандарға Алматы маңында орналасқан Alatau City – инновациялық қаласы және «Жаңа Жібек жолы» бойындағы жаһандық туристік орталығы таныстырылды. Жобаның алғашқы кезегін іске қосу 2030 жылға жоспарланған.
ЕРЛАН ҚОШАНОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ, "AMANAT" ПАРТИЯСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:
Екі ел президенттерінің саяси ерік-жігері мен даналығының арқасында қазақ-өзбек байланысы бұрын-соңды болмаған биік деңгейге жетті. 100-ден астам келісімнен тұратын берік шарттық-құқықтық база қалыптасты. Олар біздің қарым-қатынастарымыздың барлық саласын қамтиды. Ынтымақтастықтың жаңа форматының институционалдық негізі қаланды. Президенттеріміз ықпалдастықтың басым бағыттарын айқындап, оларды ілгерілету үшін нақты міндеттер қойды.