Айдын көлді жағалай жайғасқан көкшетаулықтар таза суға зар боп отыр. Фильтр болмаса жағдай қиын. Үйлерде мөлдір су ақпайды, ақса қақ қаптайды. Мәселенің шешілмей келе жатқанына талайдың жүзі болған. Халық айтты, анық-қанығын тілшіміз білді.
АЙБЕК САЛДАТБЕК, ТІЛШІ:
80 көлдің саясы мен сұлу табиғат аясындағы Көкшетау тұрғындары таза ауыз суға жарымай отыр. Сатып ішеді, артық шығындалады. Халықтың базынасы бұмен бітпейді. Жылу мен жол, жалпы шағым мол. Тіпті мәселе шешіледі дегенге әбден сенуден қалған.
Алмагүл Жакупова Көкшетауда 30 жылдан бері тұрады. Осы уақыт аралығында судың тазарғанын бір көрмепті. Күніне 5-10 литр сатып алады.
АЛМАГҮЛ ЖАКУПОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
Біз ішпейміз, тамаққа қоспаймыз. Сатып аламыз. Дәмі біртүрлі болады, и это кастрюляға даже ет қойсаң кострюляның шеті сап-сары болады судан. Трубы старые, для этого мне кажется новые трубы нужны, бізге навряд ли келеді таза су.
Таза ауыз су мезгілдің төртеуінде де жоқ, ал ыстық су жаз шыға өшеді. Дамылсыз жұмыс істеуге қаладағы жалғыз жылыту ошағының қауқары жетпейді.
КҮЛПӘШ БАКИБАЕВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
Қыстыгүні үй салқын болды. Мына екі орта қосылған жеріне пена жіберді, залдан аяғыңнан прям суық кеп тұрады. ТЭЦ саламыз дейді, несімен салады оны. Суды өздерінен ағыза ма, қай жерінен ағызады суды? Су жоқ қой. ТЭЦ деп қаланы алдап-сулайды жай.
Бірін айтсаң бірі шығады. Шаһар тұрғындары "су" деп мәселе көтерсе, қосарласа басқа проблемалар да жүреді.
БЛИЦ:
- Су енді лас. Жылына 1-2 рет мынау арестондарды тазалаймыз.
- Ақша шығады ғой енді. Аристон аламыз, анау сынады, тазалау керек, оның бәрі затрат қой ол.
- Бізде әкім ауыса береді, жолға ешкім қарамайды, жүрмейді.
"Көкшетау су арнасының" мамандары су лас дегенге келіспейді. Тіпті оны ішуге де болады, бірақ тұрғындар сақтанған соң олай етпей отыр дейді.
ҚАЗЫБЕК СӘДУАҚАСОВ, "КӨКШЕТАУ СУ АРНАСЫ" МЕКЕМЕСІНІҢ БАС ИНЖЕНЕРІ:
2022 жылдан бастап біз коагулянт цехын іске қосқанбыз, жұмыс істеп тұр. Бірақ ол бізге қажет су көлемін өңдей алмай отыр, қалаға су жетпейді. Суды Сергеевкадан аламыз, оның суы таза. Жалпы қаладағы су лас дей алмаймын, барлық жердегімен бірдей. Бұрынғыдай емес, сапа жақсарып келеді. Қазір 300 мың кубтық жаңа су тазарту нысаны салынуда. Биыл құрылыс аяқталу керек. Онда сапа тіпті жақсара түспек.
Қаладағы жалғыз су жылыту мекемесі 7 ай ғана жұмыс істейді. Жазда жөндеу мен дайындық шаралары басталады. Ыстық су сол үшін өшіріледі.
РУСЛАН МАКИШЕВ, "КӨКШЕТАУ ЖЫЛУ" МЕКЕМЕСІНІҢ БАС ДИРЕКТОРЫ:
Көмірмен істейтін 3 қазандығымыз бар су жылытқыш. Сосын мына мазутпен істелінетін. Ол енді бір котельныйымыз ол 77 жылғы, эксплуатацияда, жұмысқа берілген. Біздің мекемеміз бұл ТЭЦ емес. Бізде мына электроэнергия қуатын өндірмейді. Біздің Үкімет жасап жатыр ғой біздің қазір ТЭЦ болады деп, ТЭЦ болғаннан кейін ғана бізде енді ол электр қуатын шығарады, жазды күні енді ыстық су да болады деп ойлаймыз.
Көкшетаудағы таудай мәселелерді біржола шешуге инфрақұрылым кедергі. Яғни арнайы нысандар салыну керек. "Құрылыс жүріп жатыр" дегенге сенсек, қаладағы жағдай сонда шешілер.