$510.81 €578.59 ₽6.51
×

Биыл елімізде 3,2 млн бала жазғы демалыс лагерьлерінде тынығады

30.05.2025ж. 20:00
138
Биыл елімізде 3,2 млн бала жазғы демалыс лагерьлерінде тынығады

Биыл елімізде жазғы оқу демалысына шыққан 3,2 млн бала 10 мыңнан астам демалыс орнында тынығады. Оның ішінде дәстүрлі лагерьмен қатар, шатырлы және киіз үй демалыс орындары да жұмыс істейді. Жазғы демалысты ұйымдастыру ісінде Шығыс Қазақстан мен Абай және Павлодар облыстары көш бастап тұр. Ал басқа аймақтардағы жағдай қандай екенін өңірлердегі әріптестеріміз айтып береді.

ЕРКІН КАРИН, ТІЛШІ:

Оралдағы жазғы демалыс лагерьлері 1 маусымнан бастап ашылады. Биылғы демалыс жылдағыдай балаларды қорғау күнімен тұспа тұс келіп отыр.

Сала мамандары балалардың бос уақыты босқа өтпеуі үшін түрлі танымдық үйірмелер ұйымдастырмақ. Мүмкіндігі шектеулі және тұрмысы төмен отбасылардың ұландары да ұмыт қалмайды.

АҚЖАРҚЫН ТЕМІРХАНОВА, БҚО БІЛІМ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Аудандық жерлерде біздер балаларымызды 100 пайыз қамтуға тырысамыз. Ол тек қана осы лагерь емес, сонымен бірге мектеп жанындағы алаңдар ұйымдастырылады онкүндік. Ол алаңдарда балалардың қызығушылығына байланысты ағылшын тілін үйренуге немесе мына тамыз айында мектепке дайындық ретінде, ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындық ретінде немесе әртүрлі интеллектуалды бағыттарда алаңдарда 10 күн бойы балаларды жазғы демалыспен қамтамасыз етуге тырысып отырмыз.

Ал санитарлар балаларға зиянды тамақтың тізімін жасап, фастфуд өнімдері мен тез бұзылатын тағамдарға және газдалған, энергетикалық сусындарға тыйым салған.

ГҮЛДАНА КЕРЕЕВА, БҚО САНИТАРИЯЛЫҚ-ЭПИДЕМИОЛОГИЯЛЫҚ ҚАДАҒАЛАУ ДЕПАРТАМЕНТІ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

16 жазғы сауықтыру лагерьлері ашылады деп жоспарланып отыр. Ол осы 16 лагерьдің ішінде бүгінгі күнде 6 лагерь санитарлық-эпидемиологиялық қорытынды алды. Қалған 10 лагерь бойынша өтініш жұмыс барысында.

Төтенше жағдайлар, білім бөлімдері және санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармаларының өкілдерінен құрылған мобильді топ қазір жазғы лагерлерьдің дайындығын пысықтап жатыр. Олар өзен-көлдердің суын зерттеп, бассейннен бактерия тарамауын тексереді.

ЕРКІН КАРИН, ТІЛШІ:

Биыл өңірдегі 617 лагерьде 111 мың жеткіншек тынығады. Бұл - өңірдегі оқушылардың 96 проценті. Мамандардың айтуынша, бұл былтырғыдан 4 процентке көп. Ал қостанайлық ұландардың қалай тынығарын әріптесім Заңғар Санай айтады.

ЗАҢҒАР САНАЙ, ТІЛШІ:

Тобыл өңірінде биыл 105 мың баланы жазғы лагерьмен қамту көзделген. Жолдаманың орташа құны- 55 мың теңге. Жазғы демалыс жұмыстарын ұйымдастыруға 4 мың педагог атсалысады.

Облыста 12 лагерь бар.Оның тоғызы мемлекеттік. Жоспар бойынша жазғы демалыс орындарында 8 мыңнан астам бала тынығады. Тағы 359 жеткіншек арнайы оңалту орталығында болады. Ауылдың 200 оқушысы өзге облыстың лагеріне аттанды. Ал қалғандары мектеп жанындағы тегін лагерьге барады.

БЛИЦ:

- Ағылшын тілін, тағы басқа тілдерді үйретеді.Сабағына дайындайды дегендей. Сонымен қатар ол жерде балалар мектеп ауласын көгалдандырып, абаттандырып еңбекке баулу бір жағы.Сондықтан жазғы сауықтыру лагерінің балаларға пайдасы бар.
- Мектеп ішінде жасайды.Мектеп ішінде ойнайды.Стадионға бір рет барады он бес күнде.Бассейнге бір рет барады.Кинотеатрға, музейге бір рет барады.Танымдық жоқ.Оқыту жоқ.Тек ойын-сауықпен.

Қала маңында лагерь жоқ.Бәрі шаһардан тыс жақта. Ал білім беру ұйымдарында 773 тегін лагерь екінші маусымда жұмысын бастайды. Мұнда балаларды еңбекпен, шығармашылық және зияткерлік еңбек түрлеріне баулу қарастырылып отыр.Оның сыртында 19 мың жасөспірімді психологиялық қолдау жобасымен сауықтыру жоспарланған.

ДАНАГҮЛ СҮЙІНДІКОВА, ОБЛЫСТЫҚ БІЛІМ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Балалардың демалысын және сауықтыруын ұйымдастыру жоспарына әртүрлі танымдық қолтаңба жоспары енгізіліп отыр.Оның ішінде жазғы айти лагерь ауыл сюжеттері, кино лагері, экология жобалары бар. Жұмсышы мамандық жылында кәсіпке ерте бағыттау мақсатында жаңа машина жасау зауыты және замануи сүт зауыт фермаларына экскурсия ұйымдастырылады.

Қазіргі уақытта барлық лагерь аумағын тазарту, қауіпсіздік талаптары бойынша дайындық жұмыстары жүріп жатыр.Санитарлық бақылау органдары мен төтенше жағдайлар басқармасы рұқсат берген соң, демалыс орындарын қабылдау процессі жүргізіледі. Балалардың алғашқы легі 9-18 маусым да келеді.

ЗАҢҒАР САНАЙ, ТІЛШІ:

Алыстағы Амангелді ауданында «Қазақ ауылы» этнолагері бірнеше жылдан бері жұмыс істеп келеді. Бұл жерге барғысы келетін балғындар саны көп екен.Осыған қарап облыстық білім басқармасы тағы екі ауданда этнолагерь ашамыз деп отыр.