$510.81 €578.59 ₽6.51
×

Рыбакина Парижде Ролан Гаррос чемпионын жарыс жолынан тайдырды

AstanaTV
30.05.2025ж. 21:48
148
Рыбакина Парижде Ролан Гаррос чемпионын жарыс жолынан тайдырды
Фото: ҚТФ

Қазақстанның бірінші, әлемнің 11-ракеткасы Елена Рыбакина Ролан Гаррос турнирінің төртінші айналымына шықты.

Қазақстандық теннисші үшінші кездесуін әлемнің 21-ракеткасы, Ролан Гаррос жарысының 2017 жылғы чемпионы, латвиялық Елена Остапенкомен өткізді. 

Қарсыластар осыған дейін бес рет кездесіп, соның соңғы үшеуінде Рыбакина ұтқан еді. Бұл жолы қазақстандық теннисші матчты брейкпен бастады – 2:0. Содан кейін тағы бір брейк жасап, сетті сәтті аяқтады – 6:2.

Рыбакина екінші партияда да 2:0 есебімен алға кетті. Тағы бір брейк – 4:1. Латвиялық теннисші қайыра брейк жасағанымен, қазақстандық спортшы қарап қалмады – 5:2. Ақыры жеңіс нүктесін қойды - 6:2. 

Бір сағат 15 минутқа созылған бәсеке барысында Е.Рыбакина 6 эйспен бірге 14 брейк-пойнттың бесеуін құр жіберген жоқ. Остапенко 3 эйс, 1 брейкпен (2 брейк-пойн) көзге түсті.

Елена ширек финалға шығу үшін әлемнің 5-ракеткасы, Ролан Гаррос додасының төрт дүркін чемпионы, Польша өкілі Ига Швентекпен шеберлік таластырады. 

Швентек үшінші айналымда рейтингіде 60-орындағы румыниялық Жаклин Кристианды жолдан тайдырды – 6:2, 7:5.

Тағы бір қазақстандық Юлия Путинцева канадалық Лейла Фернандеспен бірге екінші айналымда жарыстың 12-ракеткалары, словакиялық Тереза Михаликова – ұлыбританиялық Оливия Николлске есе жіберді – 4:6, 6:0, 4:6.