Алаяқтық жасағаны үшін күдікке ілінген ер адам Ресейден Қазақстанға экстрадицияланды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Қазақстан Бас прокуратурасының мәліметінше, күдікті 2022–2023 жылдар аралығында Ақтауда "бизнеске инвестиция саламын" деген желеумен таныстарынан ірі көлемде ақша алған. Ол қаражатты жоғары пайдамен қайтарамын деп уәде берген, алайда уәдесін орындамай, ақшамен бірге ізін суытқан.
Осы алаяқтық әрекеттерінің нәтижесінде алты қазақстандыққа жалпы сомасы 63 миллион теңгеден астам шығын келтірілген.
Арызданған жәбірленушілердің өтінішімен күдіктіге халықаралық іздеу жарияланған.
"Өткен жылдың қараша айында ол Екатеринбург қаласында ұсталып, Қазақстан Бас прокуратурасының сұранысы бойынша отанына экстрадицияланды. Қазіргі уақытта ол тергеу изоляторына қамалды", – делінген прокуратура хабарламасында.
Аталған қылмысты жасағаны үшін күдікті 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін, сондай-ақ мүлкі тәркіленуі ықтимал.
Бас прокуратураның дерегінше, 2025 жылдың басынан бері алаяқтық жасаған 11 адам Қазақстанға экстрадицияланған. Оның 5-еуі – Ресейден, ал қалғандары Германия, Польша, Сербия, Сауд Арабиясы, Қырғызстан және Беларусь елдерінен.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстан Түркияға "Астана LRT" компаниясының бұрынғы басшысы Талғат Арданды қайтару жөнінде сұрау жолдаған болатын.