$511.37 €583.73 ₽6.46
×

16 жастағы қазақстандық аспаз ата-анасын баспана сыйлап қуантты

AstanaTV
01.06.2025ж. 16:27
147
16 жастағы қазақстандық аспаз ата-анасын баспана сыйлап қуантты

Әлеуметтік желіде аспаздық контенттер түсіру арқылы танылған Дулат Тантаев есімді бозбаланы көпшілік жақсы біледі. Жұртшылықтан тапсырыс қабылдап, бала кезінен кәсіпкерлікті бастаған алматылық таяуда ата-анасына пәтер сатып алып берді, деп жазады inbusiness.kz сайты.

16 жастағы қазақстандық аспаз ата-анасын баспана сыйлап қуанттыФото: Дулат Тантаевтың Instagram парақшасы

Дулат Тантаев әлеуметтік желіде 2020 жылы, 11 жасынан бастап таныла бастады. Әуелде желіде тағамдар туралы бейнежазбаларды тамашалап, қызығушылығы оянған ол көп ұзамай-ақ тағамдарды өзі әзірлеген. Шығармашылығын желіге жүктеп, сол арқылы тапсырыс қабылдап, кәсібін дөңгелеткен бала араға 5 жыл салып өз қаржысына баспана сатып ала алатын деңгейге жетті.

Бұған дейін Дулат қандай тағам жасайтынын алдын ала фуд-блогерлердің видеоларынан көріп, мәзірлерін шолып шығып барып іске кірісетінін айтқан. Қазір оның аспаздық контенттері желіде өте танымал, жазылушыларынан ылғи жағымды пікір мен баға алады. Күн сайын таным кеңістігі кеңейіп, әр дүниеге тереңірек үңілуге тырысқан бала бүгінде танымал жастардың бірі саналады. Қазір Instagram желісінде 1,7 млн-нан астам жазылушысы бар.

Дулат үйінің кенжесі, алдында үш ағасы бар. Жеткіншектің жұмысын қолдап, ары қарай жетілдіруге ағалары қол ұшын созып, ақыл-кеңесін айтып, ықпал еткен. Яғни, отбасының қолдауының арқасында жетістікке қадам жасай алыпты.

Әзірге бозбала көпшілікке белгілі тағамдарды дайындайды, әзірге өз туындысы саналатын мәзір жоқ. Алайда бұл кәсіпті қолға ала бастағандықтан, болашақта міндетті түрде үлкен авторлық ресторан желісін ашып, шет елдерге де танымал болуды мақсат етуде. Өйткені әрбір тағам жасаған сайын қолы шынығып, ас құрамын бағамдай алатын деңгейге жетіпті.

"Жас та болса бас болып", бала кезінен мақсатын жүйелей алған жеткіншек қазіргі дамыған заманда әлеуметтік желі арқылы көп жетістікке жетуге болатынын дәлелдеп отыр.