$512.1 €583.64 ₽6.5
×

Ақтауда тегін балмұздақ таратқан кәсіпкер жазаланды

AstanaTV
02.06.2025ж. 08:14
70
Ақтауда тегін балмұздақ таратқан кәсіпкер жазаланды

Ақтауда рұқсатсыз ұйымдастырылған қайырымдылық акция қоғамдық тәртіп бұзуға әкеліп, кәсіпкерге айыппұл салынды, деп хабарлайды BAQ.KZ Ақтау қалалық әкімдігіне сілтеме жасап.

1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай Ақтау қаласындағы 29-шағынауданда "Abu Baby" балалар киім дүкені азық-түлік пен сыйлықтарды тегін тарату бойынша іс-шара ұйымдастырды. Алайда бұл акция алдын ала ескертілмеген және жергілікті атқарушы органдармен келіспестен өткізілген

Нәтижесінде көптеген адам жиналып, қоғамдық тәртіп бұзылып, қала тұрғындары арасында шиеленіс туындады, – деп мәлімдеді әкімдік өкілдері.

Акция аясында таратылған тегін балмұздақ пен сыйлықтар жұртты жаппай жинауға себеп болды. Куәгерлердің айтуынша, кей жерлерде тәртіпсіздік пен бейберекет кезек орын алған.

Іс-шараны заңсыз өткізген кәсіпкерге ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 488-1-бабына сәйкес 20 АЕК (78 640 теңге) көлемінде әкімшілік айыппұл салынады. Бұл бап жария іс-шараны хабарламай немесе рұқсатсыз өткізгені үшін жауапкершілікті қарастырады.

Ақтау қаласының әкімдігі азаматтардың жаппай қатысуымен өткізілетін барлық іс-шаралар – қайырымдылық акциялар, қоғамдық орындарда тегін өнім тарату және тағы басқалары – міндетті түрде жергілікті әкімдікпен алдын ала келісуі тиіс екенін ескертті.

Мұндай іс-шаралар тек заң аясында ұйымдастырылуы тиіс. Әйтпесе, мұның соңы қоғамдық тәртіптің бұзылуына алып келуі мүмкін, – дейді шенеуніктер.