Ақтаулық оқушылар теңіздегі қауіпсіздікті қамтамасыз ететін алғашқы VR-жаттығу құралын ойлап тапты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy 24kz-ке сілтеме жасап.
Жоба 2-3 айда жасалған
Инновациялық жобаны Назарбаев Зияткерлік мектебінің түлектері жасады. Олардың тың дүниесі су айдынындағы апаттық жағдайларды реттеуге мүмкіндік береді.
Бағдарламаға адамдарды шұғыл эвакуациялау, алғашқы медициналық көмек көрсету сияқты іс-әрекеттер енгізілген. Инновациялық жаттығу құралы оқыту бағдарламасы, виртуалды көзілдірік пен джойстиктен тұрады. Бұл теңізге шыққан курсанттардың техникалық қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.
Мектеп түлектері Расул, Айсұлтан және Сағынай жобаны 2-3 айда жасап шығарған.
«Теңізшілер, теңіз жұмысшылары виртуалды көзілдірікті киіп, шындыққа жақын форматта техникалық қауіпсіздікті сақтауды үйрене алады», - дейді жоба авторы Расул Әбуов.
Мұндай қондырғы бұрын болған жоқ
Олар ойлап тапқан жаттығу құралы қазір Ақтаудағы оқыту орталығында іске қосылды. «VR-технологиясы оқу бағдарламасын жаңғыртуға мүмкіндік берді», - дейді мамандар.
Тың жоба бірінші болып бұрынғы теңіз капитаны Нұрхат Ермаганбетов пен тыңдаушылар байқап көрді.
«Менің 20 жылдық тәжірбиемде мұндай қондырғы болған жоқ. Бұрын болғанда бұл өте тез әсер ететін еді деп ойлаймын», - деп атап өтті оқыту орталығы директорының орынбасары Нұрхат Ермағанбетов.
«Теңіз саласында, ең бастысы, техника қауіпсіздігін білу керек. Яғни, осы VR-көзілдірігі арқылы барлығын өмірлік тәжирбеден көргендей болдым. Ноу-хау арқылы оқып қана қоймай, емтихан тапсыруға болады», - дейді оқыту орталығының тыңдаушысы Нұргүл Пилтан.
Жоба авторлары бұл құрылғыны енді мұнай-газ және тау-кен өндіру салаларына енгізуді жоспарлап отыр.