Қарағанды қаласының Әлихан Бөкейхан ауданының соты Қарағанды облысы бойынша Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаментінің басшысы Д. Хамзин мен қаржылық қамтамасыз ету бөлімінің басшысы К. Қашқынбаевқа қатысты үкім шығарды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Д.Хамзин Қазынашылық департамент ғимаратын жөндеу бойынша орындалған жұмыстар актісіне қол қойғаны үшін 1 миллион теңге пара алды деген айып тағылды. Сонымен қатар, Хамзин мен Қашқынбаев жалған жұмысқа адам орналастыру арқылы 2,5 миллион теңге жымқырған.
Оларға 55 млн теңге және 25,4 млн теңге көлемінде айыппұл салынды. Сонымен қатар, өмір бойы мемлекеттік қызмет пен квазимемлекеттік сектор субъектілерінде жұмыс істеуге тыйым салынды.
Сот актісі әлі заңды күшіне енген жоқ. ҚР Конституциясының 77-бабы 3-тармағы мен Қылмыстық-процестік кодекстің 19-бабы 1-бөлігіне сәйкес, сот үкімі заңды күшіне енгенге дейін күдікті кінәсіз деп есептеледі.