Түркия Республикасының Сауда министрлігінің Жарнама жөніндегі кеңесі жаңа шешімдері арқылы азаматтарды алдауға бағытталған жарнамаларды жариялаған түрлі сала өкілдеріне айыппұл салды, деп хабарлайды SABAH агенттігі.
Ақылы бал ашу мен жарнама мәселелерін қарастыратын комиссия Таро карталарымен ақшаға бал ашқан адамдарға айыппұл салды.
Соңғы отырысында Жарнама жөніндегі кеңес 7 балгер қолданған әлеуметтік желілердегі аккаунттар мен веб-сайттарға кіруге тосқауыл қойды. Сауда мақсатында жұмыс істейтін балгерлер мен медиумдардың әлеуметтік желілер мен веб-сайттарда "Сізге сәттілік серік болсын, махаббат есігіңізді қақсын; арнайы сізге арнап дайындалған эликсир жоғалтқаныңызды қайтарады, сүйіктілерді қосады, тағдырды ашады" деген секілді хабарламалар жариялап отырғаны анықталды.
7 медиумның аккаунтын бұғаттаған министрлік интернетте "Medyum Kaan Soyluhan" атымен жарнама жасап, Таро карталарымен ақшаға бал ашқан Эмрах Акюз есімді адамға 863 580 түрік лирасы (11 260 000 теңге) мөлшерінде әкімшілік айыппұл салды, - делінген ақпаратта.