$512.1 €583.64 ₽6.5
×

Түркістан облысында кене шағу дерегі күрт артты

AstanaTV
02.06.2025ж. 18:04
67
Түркістан облысында кене шағу дерегі күрт артты
Фото: gov.kz

Жыл басынан бері облыстың медициналық ұйымдарына 578 адам кене шағу шағымымен жүгінген. Яғни, өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда көрсеткіш 1,3 есеге артқан.

Кене шағу жағдайлары облыстың барлық аудан және қалаларында тіркеліп отыр. Әсіресе, Сайрам, Бәйдібек аудандары мен Түркістан қаласында көрсеткіш жоғары. Аса қауіпті Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы дерті бойынша да биыл алғашқы расталған жағдай тіркелді. Яғни, 1 жағдай зертханалық түрде нақтыланды.

Мамандардың айтуынша, уақытылы алдын алу шараларын қолдану арқылы кене арқылы таралатын аурулардың көпшілігінің алдын алуға болады. Сондықтан тұрғындар жеке қауіпсіздікке мән беріп, күмәнді жағдайларда медицина қызметкерлерінің көмегіне жүгінгені жөн.

- Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы — өте қауіпті жұқпалы ауру. Ол көбінесе кенелер арқылы тарайды. Табиғат аясында, жайылымда немесе демалыс орындарында болғанда жәндіктерден қорғайтын құралдарды пайдалану керек. Ашық түсті, ұзын жеңді және жабық киімдер киіп, дененің ашық жерлерін барынша жабу, жануарлар мен қора-жайларды кенеге қарсы арнайы құралдармен өңдеу ұсынылады. Кенені жалаң қолмен ұстауға немесе езіп-жаншуға болмайды. Кене шағу немесе кене жанасуы жағдайында міндетті түрде медициналық көмекке жүгіну және 14 күн бойы дәрігер бақылауында болу қажет. Саяхат барысында және одан кейін дене қызуының көтерілуі, жүрек айну, құсу, іш өту, қан кету сияқты белгілер байқалса, дереу емдеу мекемесіне қаралып, оқшаулану қажет, - делінген Түркістан облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мамандары ұсынған ақпаратта.