$512.1 €583.64 ₽6.5
×

Италияда Этна жанартауы атқылап жатыр: қауіп қызыл деңгейге жетті

AstanaTV
02.06.2025ж. 18:35
71
Италияда Этна жанартауы атқылап жатыр: қауіп қызыл деңгейге жетті
Фото: lasicilia.it

Италияның Сицилия аралында орналасқан Еуропадағы ең биік жанартау Этна тағы да оянды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy агенттігі La Sicilia басылымына сілтеме жасап.

Аралдағы қауіп қызыл деңгейге өтті. Жанартау кратерінен лава атқылап жатыр. Катания қаласындағы Ұлттық геофизика және жанартаутану институтының мәліметінше, атқылау кезінде пайда болған газ-күл бұлты Этнадан оңтүстік-батыс бағытта таралып жатыр. Сицилияның бірнеше елді мекенінде күл жауып жатыр.

Сарапшылардың айтуынша, жанартаудағы Стромболи типіндегі жарылыстар көбейген, Оңтүстік-Шығыс кратерінде лава фонтаны байқалып, алып саңырауқұлақ тәрізді газ-күл бұлты түзілген.

Сейсмикалық белсенділік жоғарылап, жер дүмпулерінің амплитудасы өсіп келеді, ал олардың эпицентрі шамамен теңіз деңгейінен 2800 метр биіктіктегі кратер маңында орналасқан.

Жанартаутану мамандары ұшақтар үшін ең жоғары қызыл қауіп деңгейін жариялады. Бірақ әзірге жанартаудың атқылауы әуежай жұмысына әсер етіп жатқан жоқ. Катаниядағы Винченцо Беллини атындағы халықаралық әуежай қалыпты режимде жұмыс істеп жатыр.