Алматы облысы Қонаев қаласының демалыс аймағында 11 жасар баланы тоқ соғып, қайтыс болды. Жеткіншек сол маңда ілініп тұрған сымды байқамай қалған. Ауыр жарақатынан оны аман алып қалу мүмкін болмапты. Толығырақ Айдана Шалқар айтады.
АЙДАНА ШАЛҚАР, ТІЛШІ:
Қайғылы оқиға 24 мамыр күні түскі сағат 12:00 шамасында болған. Жеткіншек құмды төбелердің бірінде ойнап жүріпті. Содан абайсызда электр сымының салбырап тұрған бөлігіне тиіп кеткен көрінеді. Оны құтқармақ болған бойжеткенді де тоқ соғып, 2-дәрежелі күйік шалған. Марқұмның жақындарының айтуынша, бұл – қауіпсіздік шараларының сақталмауы салдарынан болған қайғылы жағдай.
МАРҚҰМНЫҢ ТУЫСЫ:
Адамдар жаппай тоқ соғып, көз жұмуы мүмкін еді. Біреулердің жауапсыздығынан жиенім көз жұмды. Ол бауырымның жалғыз баласы еді. Жоғары вольтты электр желілеріне 8 метрден жақын жақындауға болмайды.
МЕРУЕРТ МОРЯКОВА, ОБЛЫСТЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ РЕСМИ ӨКІЛІ:
Қонаев қаласының полиция басқармасы кәмелетке толмаған баланың өліміне қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдарын жүргізуде. Қазіргі уақытта болған оқиғаның барлық жағдайларын жан-жақты зерттеу жүргізілуде.
АЙДАНА ШАЛҚАР, ТІЛШІ:
Марқұм үйінің жалғыз баласы екен. Оның туыстары: «Бұл әкімдіктің жауапсыздығының кесірі»-деп отыр. Себебі, бұл аймақ қоршалмаған, ескерту белгілері де қойылмапты.
ЖЕҢІС ТӨРЕБЕКОВ, ІШКІ САЯСАТ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:
Қазіргі кезде ондай ешқандай қауіп жоқ. Қонаев қаласы бойынша 140 демалыс аймағы бар. Сонымен бірге, бізде жағажай бар, 5-6-7 жағажайлары бар. Жағажайымызда 28 құтқарушы жұмыс жасайды. 24 мамыр суға түсу маусымы әлі басталмаған уақыты. Біздегі Қонаев қаласының кәсіпкерлік және төтенше жағдайлар бөлімімен бірге демалыс аймақтарының бәріне ескерту жұмыстары жүргізілді.
АЙДАНА ШАЛҚАР, ТІЛШІ:
Қайғылы оқиғадан кейін тіректер жағажайдан алыстатылды. Қылмыстық кодекстің 306-бабының 3 бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалды.