$512.44 €593.15 ₽6.52
×

Трамп: "Әйеліңнен таяқ жейтінің бар, есігіңді жауып жүр"

02.06.2025ж. 20:00
79
Трамп: "Әйеліңнен таяқ жейтінің бар, есігіңді жауып жүр"

Ресей мен Украина өкілдері Ыстамбұлға қайта келді. Тараптар бейбіт келісімдердің екінші раундын бастады. Бірақ, АҚШ назары Қытайда. Қорғаныс министрі Пит Хегсет Сингапурға барып, Азия елдерін Қытайдан қорықпауға шақырды. Трамп болса, Макронды мазақ қылды. Әйеліңнен таяқ жейтінің бар, есігіңді жауып жүр, - деп өзінің ақыл-кеңесін де берді. Чемпиондар лигасын жеңіп алған Пари Сен-Жермен жанкүйерлері тойлағаны сонша, екі адам қаза тауып, жүзден астамы қамауға алынды. Шартараптағы соңғы жаңалықтарды Еркелді Тілеуқұл шолып шықты.

Ыстамбұлда Ресей мен Украина арасындағы келіссөздердің екінші кезеңі басталды. Алдыңғыдай Ресей делегациясын Путин көмекшісі Владимир Мединский бастап барса, Украина атынан Қорғаныс министрі – Рүстем Умеров сөз сөйлейді. Бірақ, Зеленский делегация жібергенімен, ұрыс даласында жеңіске жету үшін көмек жеткіліксіз, - деп өзінің Батыс елдеріндегі одақтастарын сынға алды.

ВЛАДИМИР ЗЕЛЕНСКИЙ, УКРАИНА ПРЕЗИДЕНТІ:

Ресей бұл келіссөздерге атүсті қарайды. Бұны барлығы білетін шығар деп ойлаймын. Бірақ, Путиннің өзін отырғызу үшін, ұрыс даласында бірқатар ілгерушілік болуы тиіс. Алайда, тағы біршама техника мен қару-жарақсыз оған қол жеткізе алмаймыз. Сондықтан, Еуропаға қауіп сейілмейді.

Біз тұрғанда Қытайдан қорықпаңдар. АҚШ Қорғаныс министрі – Пит Хегсет осылай деді. Ол Сингапурда өтіп жатқан АЗия-Тынық мұхиты елдерінің ведомство басшыларының жиынына қатысты.

ПИТ ХЕГСЕТ, АҚШ ҚОРҒАНЫС МИНИСТРІ:

Қытай Азия құрлығындағы шекараларды мойындамайды. Тайваньға жақын арада шабуыл жасауы мүмкін. Әрине, біз тұрғанда ол ойлары жүзеге аспайды. Бірақ, Президент Трамп НАТО елдерін қорғанысқа көп ақша жұмсауға көндірді. Ал Азия құүрлығында қауіп одан да көп. Бірақ, сіздер қорғанысқа онша көңіл бөлмейсіздер.

Трамп Макронды мазақ етті. Сауда соғысы мен өзге де маңызды мәселелер бойынша журналистерге жауап беріп отырған жерінде, кенеттен Франция Президенті туралы әңгіме қозғалған. Нәтижесінде, АҚШ Президенті Франциялық әріптесіне ерекше кеңес берді.

ДОНАЛЬД ТРАМП, АҚШ ПРЕЗИДЕНТІ:

Мен әдейі Франция Президентіне осы оқиғадан кейін телефон соқтым. Бұл – расымен сұмдық оқиға болды. Өзімнің ақыл-кеңесімді де аямадым. Таяқ жейтінің бар, есікті жабу керек, - дедім.

Чемпиондар Лигасындағы жеңістің арты қайғыға ұласты. Франция астанасы Парижде Пари Сен-Жерменнің жеңісін тойлаған жанкүйерлер ақтық ысқырықтан кейін жаппай тәртіпсіздік бастаған. Нәтижесінде Данк қаласында 17 жасар бозбаланы пышақтап кетсе, Париждің өзінде ер азаматты электросамокатымен бірге көлік қағып кеткен. Осы тәртіпсіздіктің нәтижесінде Париж полициясы жүздеген адамды тұтқындады.