Бүгін депуттар үшін ауыр күн болды. Бюджет қағазын ашқаннан көздерінен парша-парша жас ақты. Жыламай қайтсын. Өңірлер әлі күнге дейін республикалық бюджетке ауыз ашып отыр. Үкіметтен еншісін ала алмай жүрген бір-екеу емес, 17 аймақ өз күндерін өздері көре алмай келеді. Көз жасын көл қылған мәжілісмендер бұл мәселені қалай шешпек? Аружан Задабек айтады.
АРУЖАН ЗАДАБЕК, ТІЛШІ:
Бас аман болса шаш өсер» дейтін едік. Енді Үкімет аман болсын дейтін болдық. Дәлірек, бұл – әкімдердің ұранына айналған. Өздері бастарын ауыртып, білектерімен тірлік істемейді. Өңірде өсім болмаса да өкінбейді. Өйткені өгейсітпейтін «көкелері» бар. Керек болса бүкіл шығынын өтеп береді. Әңгіме аймақтар жайлы. Бюджетке бергендерінен алғандары көп. Құжатты көріп отырып көзіңе ерексіз жас келеді. Көзі жасаурап, дауысы дірілдеген депуттар "енді қайттік" деп шығатын тесік таппай отыр.
БАҚЫТЖАН БАЗАРБЕК, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ:
Көз жассыз оқи алмаймын.
АРУЖАН ЗАДАБЕК, ТІЛШІ:
Бізде Атырау, Астана мен Алматы ғана өз күндерін өздері көріп жүр. Тіпті, артылған ақшаға «бауырларын» асырайды. Бауыр деп тұрғанымыз – өзге өңірлер ғой. Бір өзбен айтқанда, олар – донор. Дәл қазір көмекке қатты мұқтажы -Ұлытау облысы. Жаңадан пайда болған аймаққа адамдар барудың орнына қашып жатыр. Инфрақұрылым төмен. Өлім-жітім саны артқан. Өзін емес өзгені жарылқау қанда бар емес пе? Үкімет бәрін ысырып қойып, алдымен осыларға қол ұшын созуға кірісеміз деп отыр.
СЕРІК ЖҰМАНҒАРИН, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТІРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ - ҰЛТТЫҚ ЭКОНОМИКА МИНИСТРІ:
Бүгінгі таңдағы негізгі басымдықтар – өңірлердің өз әлеуетін және экономикалық дербестігін сақтау үшін жағдай жасау.
АРУЖАН ЗАДАБЕК, ТІЛШІ:
Өз алдына отау болған соң бөлек кету қазақтың дәстүрінде бар ырым. Бірақ біздің кей аймақтар жаңа үйленген бала сияқты Үкіметтен еншісін әлі ала алмай жүр. Қит етсе «ақша керек» деп керіледі. Есебін сұрасаң қипақтайтыны тағы бар. Депутаттар «алма піс, аузыма түс» деп жататын басшыларға ес жидыртатын кез келді дейді.
ДАНИЯ ЕСПАЕВА, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІ ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Қазіргі кезде Қазақстан өңірлері арасында өмір сапасындағы айырмашылықтар әлі де үлкен. Кейбір елді мекенде заманауи мектептер, жарықтандырылған көшелер және жақсы медицина болса, кейбірінде тозған коммуникация және қарапайым әлеуметтік қызметтер тиісті деңгейде қамтамасыз етілмеген.
АРУЖАН ЗАДАБЕК, ТІЛШІ:
Не болса да енді аспанға қарап, жұлдыз санап жүрген әкімдерге талап күшейеді. Екі жыл ішінде көрсеткішті жақсарта алмаса, оны «тиімсіз жұмыс істегені үшін» қызметтен босату ұсынылды. Бірақ жылы орынды босатумен мәселе шешілмейді. Статистикамен жұмыс істеу керек. Өйтені ресми мәлімет пен ведомствоның беретін ақпараты екі түрлі. Мұндайда бір емес, әртүрлі елде өмір сүріп жатқандай күй кешесің.
ТАТЬЯНА САВЕЛЬЕВА, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «AMANAT» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:
Бұған ауыл шаруашылығына қатысты статистика жарқын мысал бола алады. Мал басы жөніндегі деректерде 5 миллионға жуық мал саны жалған көрсетілгені белгілі болды.
АРУЖАН ЗАДАБЕК, ТІЛШІ:
Қысқасы, қайта-кайта құлазып, көңілі түскен депутаттар өңірлерге қалай ақша бөлеміз деп емес, алдымен статистиканы қалай есептейміз деп бас қатыруы керек дейді. Бірақ біздің Үкіметтің істеп отырғаны – мынау.