Елордада балаларды қорғау күнінде ойын алаңдары мен аулалар пайдалануға берілді. Биыл Алматы ауданында жаңа 20 орынды ашу жоспарланған. Соның үшеуі мерекеге орай ашылды.
Шашу шашылды, жаңа ауланың есігі ашылды. Үлкен-кішінің көптен бергі тілегі орындалды.
ЭЛЬВИРА САЯНҒАЗЫ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
Балалар мәз, қуанып, осы күнді ұзақ күтті. Менің өзімнің 5 кішкентай балам бар. Сол күніге "қашан ашылады, қашан ашылады?" деп осы күнді тағатсыздана күттік. Екі аптадай жалғасқан осы құрылыс өте жақсы аяқталды, көңілімізден шықты, барлығы жақсы, керемет, ойдағыдай.
Ескі ауланың жыры көп болған соң тұрғындар дауыс жинап, Egov порталына өтініш білдірген. Алматы ауданы әкімдігі көптің талабын ескерусіз қалдырмады.
БАҚЫТ ТҰРСЫНҒАЛИҰЛЫ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
Осындай өзгерістер әр жер, әр аулада, әр үйде бола берсін деп тілейміз. 5 жылда емес, 1 жылда деп те айтайық. Ауызбірліктің арқасында. Бірлік болмай тірлік болмас. Осы билік өкілдерімен атқарушы осы, әкімшілік өкілдерімен, халық боп, ел боп осы атсалысып, етене жұмыс жасағанның арқасында осындай жетістіктерге жетіп отырмыз.
Ауланың жаңартылуына 717 адам онлайн түрде тілек білдірген. Жұмыстар жергілікті бюджет есебінен жүргізілді.
ДАНИЯР ҚОЖАХМЕТОВ, АЛМАТЫ АУДАНЫ ӘКІМДІГІ АБАТТАНДЫРУ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:
Алматы ауданында биыл 20 ауланы пайдалануға беруді жоспарлағанбыз. Балалар күніне орай соның үшеуі ашылды. Жоба тұрғындардың сұрауы бойынша жүзеге асты. Қалған 17 ауланың құрылысын Астана күніне дейін аяқтауды көздеп отырмыз. Қазір жұмыс жүргізіліп жатыр.
Ауланың жаңа екені ғана емес, қауіпсіз екені де қуантады дейді тұрғындар. Игілігін үлкені де, кішісі де көрмек.