Биыл банкроттықты рәсімдеуге 77 106 адам соттан тыс және сот тәртібімен өтініш берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметінше мемлекеттік кірістер органдары арқылы 28,4 мың азамат, ал сот шешімі бойынша 196 азамат банкрот деп танылды. Міндеттемелердің жалпы сомасы – 147,1 млрд теңге.
«Төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімін 9,5 млрд теңге сомасына 103 азамат қолданды, оның 8-і бойынша қалпына келтіру жоспарлары бекітілді», - деп жазылған ведомство хабарламасында.
Заң қолданысқа енгізілген сәттен бастап банкроттыққа өтініш білдірген адамдардың саны өсіп келеді:
2024 жылы 83 057 өтініш,
2025 жылдың 5 айында – 77 106 өтініш берілді.
Заңнамадағы негізгі өзгерістер
2024 жылдың 20 тамызынан бастап рәсімдерді жеңілдетуге бағытталған түзетулер күшіне енді:
төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімі мерзімі өткен және мүлік болмаған кезде, бірақ тұрақты табыс болған кезде қолжетімді болды,
соттан тыс банкроттық енді микроқаржы және коллекторлық ұйымдарды қоса алғанда, қарыз шарттары бойынша талап ету құқығы бар барлық ұйым алдындағы міндеттемелер бойынша қолданылады,
өтініш беру тәртібі жеңілдетілді: кредитор мен қарыз сомасы туралы мәліметтерді көрсету, сондай-ақ құжаттарды қоса беру қажеттілігі алынып тасталды.
өтеудің болмау мерзімін есептеу тәртібі нақтыланды: 1 АЕК-тен кем төлемдер өтеу болып есептелмейді, мерзім соңғы төлем күнінен бастап есептеледі.
Парламентте:
2025 жылғы 1 қаңтарға дейін жасалған қарыз шарттары бойынша борышты реттеуді жүргізу туралы талапты алып тастауды;
борышкердің себебін көрсетпей соттан тыс банкроттық рәсімін тоқтату құқығын;
соттан тыс банкроттық рәсімі аяқталғаннан кейін кредиттік бюролар базасында көрсетілмегендерді қоса алғанда, банкроттың қаржы ұйымдары алдындағы барлық міндеттемесін тоқтатуын көздейтін түзетулер қаралады.
Аталған түзетулер биылғы жылдың соңына дейін іске асырылады деп жоспарланып отыр.