$511.67 €582.38 ₽6.53
×

Астанада жол апатынан 8 жасар бала екі аяғынан айырылды

AstanaTV
03.06.2025ж. 20:00
108
Астанада жол апатынан 8 жасар бала екі аяғынан айырылды

Астанада жолаушылар мінген автобус апатқа ұшырады. 15 адам жарақаттанған, оның алтауы бала. Арасында 8 жасар қыз екі аяғынан айырылды.  Оқиғаның мән-жайын тілшіміз айтады.  

НАЗЕРКЕ АЛТЫНБЕК, ТІЛШІ:

Дәл осы жерде жолаушылар автобусы апатқа ұшырады. Жүргізуші рөлге ие бола алмай, автобус мына бағанға соғылған. Салдарынан 15 адам түрлі жарақат алды, 3 адам ауыр халде ауруханаға жеткізілді. Ал бір бүлдіршіннің аяғы кесіліп ампутация жасалды.


Куәгерлердің айтуынша, көлік бағанға соғылғанда қатты дыбыс шыққан.  Жарақат алғандарға Мариям Куленова алғашқылардың бірі болып көмекке келіпті.   

МАРИЯМ КУЛЕНОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Мен далада достарыммен жүргенмін. Қатты дыбысты ести сала сол маңайға жүгіріп бардық.  Жол апатын көріп, бірден алғашқы көмек көрсетуге кірістім. Есімде қалғаны бір қыздың беті мен мұрны қансырап жатты. Жақын маңайдағы дүкеннен су мен салфетка беруін сұрадым. Ал жанымдағы досым, аяғы қыстырылып қалған кішкентай қызды шығаруға көмектесті. Ол қызда бәрі жақсы болса екен деп тілеймін.  


Автобустың ішінде біздің әріптесіміз Мөлдір Жақан да болған. Жол көлігінің артқы жағында отырып аман қалдым дейді ол. 

МӨЛДІР ЖАҚАН, ЖУРНАЛИСТ:

Кәдімгідей бағана автобустың ішіне кіріп кеткен ғой. Жанағы жарық өшіп қалды,  ол да әсер етті. Адамдарда паника, үрей туындады.Айғайлап, жылай бастады. Есіктер ашылмай қалды. Түтіннің иісі шықты. Ештеңе көрінбейді. Дала да қараңғы ол кезде. Барлығы жылап, өз-өздеріне ұзақ уақыт келе алмады. бірден скорый шақырдым, жедел-жәрдем келді.


Қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, зардап шеккендердің бірі ауыр хәлде болған, оған жедел түрде операция жасалған.

АЙГЕРІМ АРДАҚ, ҚАЛАЛЫҚ ҚОҒАМДЫҚ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:

Зардап шеккендердің арасында 1 науқастың жағдайы ауыр, ал екіншісі өте ауыр жағдайда. Барлық толық медициналық көмек көрсетіліп жатыр. Біздің дәрігерлер үнемі қасында. Жалпы алғанда кеше бізде жол көлік оқиғасы болған жерге 9 жедел жәрдем бригадалары шығып медициналық көмек көрсетті.


Автопарк өкілдерінің айтуынша, №10 бағыттағы автобус 2024 жылы шығарылған, техникалық тұрғыда сапалы болған. Жүргізуші – 15 жылдан астам тәжірибесі бар маман, апат болған күні жұмысына демалыстан кейін шыққан. Медициналық тексеруден де өткен.

ЭЛЬМИРА ШАУЛЕНОВА, АСТАНА ҚАЛАСЫ ПД БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІНІҢ БАСТЫҒЫ:

Адамға ауыр дене жарақатын келтіруге әкеп соққаны үшін - қылмыстық іс қозғалды. Оқиғаның барлық мән жайын анықтау үшін жан-жақты тергеп-тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр.

 
Қала әкімдігі зардап шеккендерге медициналық және психологиялық көмек көрсетіп жатыр. Зардап шеккен жолаушыларға  медициналық және сақтандыру сараптамалары жүргізілгеннен кейін ақшалай өтемақы төленеді.