БҚО-да 2024 жылы ұсталған Орал сотының төрағасы Руслан Жұмағұловқа қатысты сот процесі аяқталды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Қылмыстық іс Батыс Қазақстан облысы Тасқала аудандық сотында қаралды. Айыпталушылар орындығында Руслан Жұмағұловпен бірге тағы бір айыпталушы, яғни адвокат отырды.
Руслан Жұмағұловқа Қылмыстық кодекстің 24-бабы 3-бөлігі, 190-бабы 3-бөлімі 2-тармағы ("Алаяқтыққа оқталу") бойынша айып тағылды. Екінші айыпталушыға қатысты іс ҚК 190-бабы 2-бөлігі 3-тармағы, 24-бабы 3-бөлігі, 28-бабы 4-бөлігі, 367-бабы 2-бөлігі бойынша қаралды.
Сот Руслан Жұмағұловты тағылған айып бойынша кінәлі деп танып, оған 2 жыл 7 ай 15 күнге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Үкім жарияланғанға дейін Жұмағұлов үй қамақта болды. Сот оны залда қамауға алу туралы қаулы шығарды.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.