Талас өзенінің төменгі ағысындағы Қаракөл көлінің арнасы толды. Бұл -соңғы 10 жылдағы қуанышты жағдай. Судың тиімді бөлінуінің арқасында өзеніндегі Сұлукөл көліне де су жетті. Сондай-ақ Сарысу және Талас аудандарындағы табиғи жайылымдарға да су барды. Су ресурстары және ирригация министрлігінің мәліметінше, жергілікті экожүйені сақтау жұмыстары суару маусымы басталмай тұрып жүргізілген. Бастапқыда «Ойық» гидроторабы арқылы 120 млн текше метр су жіберу жоспарланған. Сәуір айының ортасына қарай экологиялық мақсатта су жіберудің жалпы көлемі 315 млн текше метрге жетті.
ОҢЛЫӘШІМ ДҮЙСЕНБЕКОВ, ШАҒАЛАЛЫ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Биылғы су жылдағыдан гөрі, өте жақсы, қарқынды келді. Негізі мекеме айналысып жатқан «Қазсушар» ғой енді. Солардың ықпалымен, солардың арқасында су келіп тұр. Ризамыз, рақметімізді айтамыз.
АРАЛБАЙ ЖАНБЕКОВ, ИГІЛІК АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Биыл көктемде март айынан бастап су ерте келді. Содан міне, май айының аяғына дейін ағып тұрды. Су мекемесі бөліміне рақмет. Жер көкпеңбек, су мол.